Қызылорда облысында 26 елді мекенде ортақ ауыз су жүйесі жоқ

Қызылорда облысының 26 елді мекенінде орталықтандырылған ауыз су жүйесі жоқ.

Бұл ауылдарда 7 мыңнан астам адам тұрады.

Аталған мәселені шешу үшін биыл өңірде 14 жоба жүзеге асады. «Олардың бірқатары Арал, Қазалы аудандарында қолға алынады»,-дейді мамандар.

Арал ауданының Көктем елді мекеніндегі әр аулада бір ұңғыма бар. Ауыл тұрғындары бұрынғы қауға шелектің орнына шағын электрлі су тарту құрылғысын орнатқан. Дегенмен, «қыста құбырымыз қатып қалып, әбігерге түскен күндер аз болмады»,-дейді тұрғындар. Жуырда 40-қа жуық түтіні бар шалғайдағы бұл ауылдың әр үйіне ауыз су құбыры тартылды. Осылайша көктемдіктердің ұзақ жыл күткен ең өзекті мәселесі шешімін тапты. 

Айнагүл Ерболатова, ауыл тұрғыны:

- Үйімізге кіріп жатыр су. Мінеки сол Сарыбұлақтың суымен ыдыс-аяғымызды жуып, бұрынғыға қарағанда жұмысымыз жеңілдеп жатыр. Алға қарай ілгерілеп келе жатырмыз. 

Былтыр Арал ауданында 6 ауылға су тұщыту құрылғыларын орнату және құбар тарту жұмыстары жүрді. Бүгінде теңізді өлкедегі барлығы 49 елді мекеннің 44-інде ауыз су мәселесі толық шешімін тауып отыр.  

Серік Сермағамбетов, Арал ауданының әкімі:

- Ақбасты елді мекеніне құны 2,7 миллиард теңге болатын 117 шақырымға ауызсу жүйесі тартылуда. Екі жоғарылату стансалары бар. Биыл оны май айында толық пайдалануға береміз деп отырмыз. Тоқабай елді мекені, Абай елді мекеніне де жыл соңына дейін қосатын боламыз. 2025 жылы қалып тұратын Ерімбетжаға мен Тастүбек елді мекенін толық ауыз сумен қамтамасыз етеміз. 

Бүгінде Қызылорда облысында орталықтандырылған ауызсу жүйесі тартылмаған 26 елді мекен қалды. Бұл ауылдарда 7 мыңнан астам адам тұрады. Аталған мәселені шешу үшін өңірде 14 жоба жүзеге асады. 

Медет Ұсайын, облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:

- Облыстық бюджеттен, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен республикалық бюджеттен 7,2 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бұл жобалардың барлығын толық үлгеріп, 2025 жылы қойылған мақсатты толық орындаймыз.  

Айта кетейік, өңірде барлығы 230 ауылдық елді мекен бар. Ондағы тұрғындардың 98,4 пайызы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев