Сейсмолог: Жерасты дүмпулері бәсеңдейді
Қазіргі уақытта Қытай мен Қырғызстан шекарасында болған жерасты дүмпуінің афтершогы бәсеңдей бастады.
Алдағы күндері Алматыда магнитудасы 5,6 ал қарқындылығы 7 және оданда жоғары жер сілкіністері болмайды деген ықтималдық – 70%. Сейсмологиялық байқаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығының мамандары кезектен тыс отырысында осындай мәлімдеме жасады.
Дәулет Сәрсенбаев, Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығының жетекшісі:
- Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарына қауіптенуге негіз жоқ. Жақын арада жойқын жер сілкіністері болмайды. Күні кеше Алматы қаласы, Алматы облысы мен Жетісу облысы тұрғындары сезген дүмпулер Қытай мен Қырғызстан аумағында болған жойқын жер сілкінісінің афтершогы, жаңғырығы болды. Орталық Азияның Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан сынды елдерінің барлығы сейсмикалық оқиғаны сезінді. 10-нан астам жер сілкінісі тіркелді. Оның ішінде біздің тұрғындар тек екеуін ғана сезді. Сондықтан дүрбелеңге негіз жоқ.