Жетісу облысында есірткіден уланған адам өмірі арашаланды

Жетісу облысындағы психикалық денсаулық орталығының қызметкерлері синтетикалық есірткіден уланған адам өмірін арашалап қалды, деп хабарлайды 24KZ.

Бірнеше күн бұрын ауыр халде түскен науқасқа дәрігерлер дер кезінде көмек көрсетті. «Ем-дом шаралары нәтижесінде науқастың денсаулығы жақсара бастады», - дейді дәрігерлер. Наркологтар химиялық қоспадан жасалған синтетикалық есірткі аса қауіпті деп отыр. Себебі оны бір рет пайдаланғаннан кейін тәуелді боласыз. Мекеме қызметкерлері ішімдік пен әртүрлі зиянды заттарға әуестігі бар 3600-ден аса адамды тіркеуге алған. Қазір орталықта солардың 64-і емделіп жатыр.

Еркебұлан Молдаханов, облыстық психикалық денсаулық орталығының нарколог дәрігері:

- 2023 жылы Жетісу облысының психикалық орталығы 1712 науқасты емдеп шығарды. Соның ішінде синтетикалық есірткімен емделгендердің пайыздық үлесі 15% құрайды. Синтетиекалық есірткіні пайдалану кезінде, масаю кезінде адамның уақытқа бағдары, қоршаған ортаға, өзінің іс-әрекетіне деген есеп беруі жоғалады. Сонымен қатар психикалық денсаулығына өрескел зиян келеді.