Президент: Құрылыс сапасына бақылауды күшейту керек
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты.
Елімізді экономикалық-әлеуметтік дамыту ісінде маңызды рөл атқаратын құрылыс саласының тиімсіз басқарылуы өте өзекті мәселе болып тұр. Мысалы, жобалардың құнын сметалық есептер арқылы анықтау әдістемесі әлемдік стандарттарға сай емес. Инвесторлар уақытын, қаражатын және жұмысқа деген құлшынысын жоғалтып, ақыры құрылысқа рұқсат беретін құжаттар көп талап етілмейтін елдерге кетіп қалады. Үкімет халықаралық тәжірибені негізге ала отырып, инвесторлар үшін жобалық-сметалық құжаттарды бекіту тәртібін барынша жеңілдету керек – деді Тоқаев.
Ол осыдан бір жарым жыл бұрын әлемдегі озық тәжірибеге сай келетін Қала құрылысы туралы кодекс әзірлеуді тапсырғанын еске алды.
Өздеріңізге мәлім, мен осыдан бір жарым жыл бұрын әлемдегі озық тәжірибеге сай келетін Қала құрылысы туралы кодекс әзірлеуді тапсырдым. Бірақ менің атыма бірқатар сарапшылар мен кәсіпкерлерден өтініштер келіп жатыр. Олардың айтып жатқан шағымдары мынадай: қазіргі Кодекстің жобасы қойылған талапқа сай келмейді, бұрыннан бар нормалар ұсынылған, жаңа тәсілдер мен шешімдер жоқ. Сондықтан, Кодекстің жобасын қайтадан мұқият қарап, жетілдіру қажет – деді Президент.
Қазір құрылыс саласында сараптама жасауды мемлекеттің иелігіне қайтару мәселесі қызу талқыланып жатыр.
Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ең басты міндет. Құрылыс сапасына жасалатын бақылауды міндетті түрде күшейту керек. Бұл – анық дүние. Алайда, мемлекет осы нарықты түгел иемденіп алмауы қажет. Шынайы бәсеке болуға тиіс. Үкімет барлық тараптың мүддесін ескеруі керек. Бұл салада үлескерлік құрылысқа, ғимараттардың заңсыз әрі орынсыз салынуына, мүлік иелерінің бірлестігін реформалауға қатысты қордаланған мәселелер бар. Азаматтар үнемі шағымданып жатады. Алайда, құзырлы органдар әлі күнге дейін тиісті шара қолданбай отыр. Үкімет бұл мәселе бойынша жыл соңына дейін нақты шешім қабылдауы керек – деді Тоқаев.