Ұлытау облысында жер сілкінді деген ақпарат расталмады
Ұлытау облысында жер сілкінген жоқ.
Бүгін таңертең ғаламтор желісінде Сәтбаев қаласынан 9 шақырым жерде магнитудасы 4,5 баллдық дүмпу тіркелгені жайлы ақпарат тараған болатын. Кейін Төтенше жағлайлар министрлігі сейсмикалық станциялар желісімен жер сілкінісі тіркелген жоқ деп мәлімдеді. Анықталғандай сол уақытта қала маңындағы шахтада босаған орындарды толтыру үшін жоспарлы жару жұмыстары жүргізілген екен. Жұрт мұны жер сілкінісі деп ойлаған.
Есен Байыров, облыстық ТЖД бастығы:
- Оңтүстік Жезқазған кеніші №65 шахтасында жұмыс істеп тұрған бос орындарды жоспарлы түрде толтыру жұмыстары жүргізілгені туралы ақпарат келіп түсті. Осының нәтижесінде сейсмикалық хабарлама тіркелді. Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар және өндірістік қауіпсіздік департаментінің қызметкерлері шықты.