Бүгін - халықаралық кітап сыйлау күні

Мерекені 2012 жылы БҰҰ бекіткен еді.

Сол күн қазір қоғамды бауырмалдыққа, достық пен кішіпейілділікке жетелейтін мазмұнды мейрамға айналды. Кітапқұмар жандар бір-біріне түрлі жанрдағы әдеби жинақтар сыйлап, жылы лебізін білдіріп жатыр.

Олжас түрлі жанрдағы әдеби шығармаларды жиі оқып тұрады. Оқуға құштарлығын байқаған туыстары мен достары оған кітап сыйлауды әдетке айналдырған. Ал мазмұнды мерекеде Олжас қарымта сый жасауды ұйғарыпты. Сол үшін кітап дүкенінен «Абайдың қара сөздері» жинағын сатып алды.

Олжас Хасен, қала тұрғыны:

- Менің ойымша, бұл кітап өте маңызды. Өйткені осы кітап әрбір адамның үстелінде және әрбір адамның отбасында болу керек деп ойлаймын. Осы кітапты өзімнің туған ағама сыйлаймын деп отырмын.

Кітап дүкенінің қызметкерлері сөредегі тауарларға әрдайым сұраныс бар екенін айтады. Ал мереке күндері сауда тіптен қыза түседі. Сонымен қатар туристер отандық кітаптарды естелік ретінде сатып алады екен.

Ботагөз Бауыржанқызы, кітап баспасының PR-менеджері:

- Сатылымдағы ең ерекше кітаптардың бірі – «Менің Отаным – Қазақстан» кәдесый кітабы. Мұның бірден-бір ерекшелігі - мынадай киіз үй, шаңырақ формасында жасалған. Бұл кітапты басып шығарудағы басты мақсат - үш тілде жарық көрген, шетелдіктерге Қазақстан туралы қысқа-нұсқа ең маңызды ақпараттарды беру. Бұл кітап сыйлыққа жүреді. Шетелдіктер көп алады.

Күнделікті қарбалас тірлік кітап оқуға кедергі емес. Рухани азыққа тұрақты уақыт табу - жетістікке ұмтылыс. Жұртшылықтан алған сауалнаманың нәтижесі осыған саяды.

- Сыйлаймын мұғаліміме әдеби кітап. Қазіргі кезде интернет қатты дамыған. Көбінесе адамдар интернеттен аудио кітаптар тыңдайтын шығар.

- Күнде кітап оқимын. Қазақша да, орысша да, ағылшынша да. Иә, сыйлаймын балаларыма.

- Сыйлыққа кітапты жиі аламын. Өзім де басқаларға жиі сыйлаймын. Көбіне бизнес бағытындағы кітаптар ұнайды.

Мәдениет және ақпарат министрі кітап басу ісін дамыту үшін жаңа ереже қабылданатынын мәлімдеді. Оның ішінде шығармаларды сүзгіден өткізу, қаламақы орнына грант тағайындау, қазақ тіліне тәржімаланған шетелдік туындыларды мемлекеттік тапсырыспен басып шығару, заңнамада жазушының мәртебесін айқындау сияқты ұсыныстар қарастырылған.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Министрліктің бұл бастамасы кітапханалар қоры мен кітап дүкендерінің сөресін сапалы туындылармен байыта түспек. Өз кезегінде оқырмандарға таңдау мол болады. Ал кітап сыйлау күнінің маңызы одан әрі арта бермек.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Ербол Дайыров