Президент Наурызды алматылықтармен бірге қарсы алды

Төл жаңа жыл, бір ел бір халық және жалпыға ортақ мереке.

Бүгін Алматы қаласына жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Еліміздің ең үлкен шаһары, оңтүстік астанамыз тәуелсіз қазақ елі егемендігінің бастауы екенін ерекше атап өтті Президент.

Наурыз думан керуен көші Алматыдағы айтулы мерекенің салтанатын асырды. Батырлар бастап, ақындар қостап, жыраулар, саятшылар мен сәнді киінген қыз жігіттердің шеруіне жиыны мыңнан аса адам қатысты. Көшпелі қазақ халқының бар болмысын айшықтаған Наурыз думан көш керуені Абай даңғылымен, Достықты бойлап, Абылай хан даңғылына дейінгі аралықты жүріп өтті.   

Биылғы мереке ерекше. Оны Мемлекет басшысы да ереше атап өтті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Биылдан бастап Наурыз мейрамы, яғни наурызнама 10 күнге жалғасады. Бүгін еліміз ынтымақ күнін атап өтіп жатыр. Бірлік пен ынтымақ еліміздің басты құндылықтарының бірі. Біз жанашырлық, тілеулестік сияқты асыл қасиеттерімізді дәріптеуіміз керек. Еліміздің бірлігі мен татулығы әрдайым бекем болса елдігіміздің тұғыры мәңгі болады. Мен бұған кәміл сенемін. 

Наурыз мерекесінің он күндігі ойдан шығарылған дүние емес, халқымыз ежелден ұстанып келген дәстүр салтты жүйелі насихаттау екенін айтады, 60 жыл өмірін ұстаздыққа арнаған Лиза Кәрімқызы.

Лиза Кәрімқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы:

- Келешекте өткізілетін әз наурызымыз жаңа форматта өткізіліп жатса жаман емес қой. Дастархан жаю, ұлттық киім кию, ұлттық дәстүрлерді дәріптеу сияқты, соның барлығы да келешек, болашақ жастардың сіңеді ғой бойларына.  

Преизденттің наурызды Алматы жұртшылығымен бірге қарсы алуында да үлкен мән бар. Және ол өз сөзінде оңтүстік астанаға деген ықыласын ерекше атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Алматы – егемендігіміздің алтын бесігі. Сонымен бірге еліміздің рухани, ғылыми және экономикалық орталығы. Алматы бүкіл Қазақстанның өркендеуіне зор ықпал етеді. Сондықтан мен Алматының дамуын, қала тұрғындарының тыныс-тіршілігін айрықша назарда ұстаймын. Әсем Алматымыз болашақта бұдан да көркейе беретініне сенемін.

Блиц:

- Бүгін сондай бір тамаша мейрам болып жатыр, президентіміз қатысып. Алматы қаласына, нұр болсын, бақ болсын, дәулет болсын елімізде.

- Президентіміз бізге ел тыныштығын, бізге бақ береке тіледі. Әрдайым барлықтарымыздың отбасылыармызда, президентіміз айтқандай мерекелі берекелі бола берсін. 

Наурыз береке бастауы. Өнер жұлдыздарының қатысуымен жалғасқан концертте де тосын сый көп. Алқалаған ағайынның алдына қазақтың даңқты ұлдарының бірі Димаш Құдайберген шығып, жұрттың көңілін, ұлттың рухын асқақтатты. 

Мерекелік концерттің сыртында халықтық ойын сауық, мәдени-спорттық шаралар да өтіп жатыр.   

Берік Дүйсенбай, тілші:

- Тәуелсіз Қазақ елі егемендігінің бастауы Алматыда айрықша мерекелік ауан. Көрісу де, қайырымдылық та, мәдени айшықтар мен салт дәстүр салтанат құрған күн болды.  Ынтымаққа ұмтылыс та, жаңару да, тазару да осында. Наурызнамадағы құндылықтарға құрылған шаралардың барлығын Алматыдан көре алдық.

Авторлары: Берік Дүйсенбай, Ерлан Наурызбай, Бақытбек Нұртев