Қостанай облысына гуманитарлық көмек жеткізіліп жатыр

Қостанай облысының Аманкелді ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Су ортасында қалған ауылдарға азық-түлік пен басқа да қажетті заттар қайық және тікұшақпен жеткізіліп жатыр. Ал арнайы құрылған комииссия шығын мөлшерін есептеуді бастады.

Кешелі бері азық-түлік, тұрмыстық заттар тиеген жүк көліктері Аманкелдіге үздіксіз келіп жатыр. Игі іске жеке адамдар, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйым, саяси партиялар белсенді түрде атсалысты.  

Айбек Таңатбаев, ерікті:

- Бүгінгі таңда волонтерлық штабтың ішіне 18 тонна азық-түлік, түрлі бағыттағы инертті заттар күрек, қап, айта берсек көп. Еліміздің әр өңірінен келіп жатыр. Азық-түліктен бөлек, қаражат жинап жатыр, Аманкелді ауданында 3 азаматтың есепшоты көрсетілген. Ол жаңағы Астана, Аманкелді, Қостанай.

Келген қайырымдылық көмек ілезінше тізім бойынша су басқан елді мекендерге таратылып жатты. Жасы жетпісті еңсерген Айман әжей де Алтыбас ауылында қалған баласына азық-түлік алу үшін осында келіпті.

Айман Ахметова, Алтыбас ауылының тұрғыны:

- Үй суға кетті, бала жалғыз қалып еді. Қазір көршінің үйінде түнеп жүр. Үйге кіре алмай жүр бала. Малдан шығын бір құнажын ғана кетті. Оған қайғырып тұрған жоқпын, балам аман болса болды. Жаңа гуманитарлық көмек беріп жатыр деген соң соған келіп тұрмын.

Табиғи апаттың әкелген залал зардабы аз емес. Үйлер бұзылып, біраз мал қырылды. Ең бастысы, адам аман. Ал тасқыннан келген шығынды толық өтейміз, – дедң облыс әкімі.

Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:

- Барлық үйге барып, барлығын есептейді. Тек құжаттары болу керек. Жаңа сол малдардың шығыны болса, міндетті түрде базада болу керек. Базада болса, міндетті түрде төленеді. Қаражат бар.

Төтенше жағдай жарияланған аудандарды аралаған Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл табиғи апаттың себеп-салдарына үңілді.

Еркін Әбіл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ең үлкен мәселе, осы жағдайда біздің байқағанымыз, мына транспорттық инфрақұрылым өте нашар өңірде. Мына өзіміздің авиақатынас жоқ. ЧС-тың тікұшақтарына жанармайды Қостанайдан әкеледі. Сондықтан мына Арқалықта міндетті түрде өзінің әуежайы керек. Өзінің авиа жанармай қоймасы керек және де Астанадан тікелей келетін тасжол керек. Міндетті түрде соған депутаттық сауал дайындаймыз.

Айта кетелік, су тасқынынан зардап шеккендерге наурыздың 29-нан облыстық бюджеттен өтемақы төлене бастады.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.