БҚО-ға 60 тонна гуманитарлық көмек жөнелтті
Алматы облысында еліміздегі су басқан өңірлерге гуманитарлық көмек жинау науқаны қызу жүріп жатыр.
Өңір бойынша бұл жұмыстарға 300-ге жуық волонтер жұмылдырылды. Олар бүгін теміржол арқылы Батыс Қазақстан облысындағы су тасқынынан жапа шеккен тұрғындарға 60 тонна гуманитарлық көмек жөнелтті. Оның басым бөлігі күнделікті тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлік, киім-кешек, төсек-орын жабдықтары және тұрмыстық техникалар. Алматы облысынан 15 ерікті Орал қаласына барып, өздері апарған заттарды сұрыптауға көмектесетінін де айта кетейік. Облыстағы ірі бизнес нысандары мен этномәдени бірлестік өкілдерінің, «Amanat» партиясы мүшелерінің тарапынан бірыңғай арнайы шотқа қаржылай көмек ретінде 30 млн теңге аударылды.
Мәди Ахметов, облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы:
- Қазақта жақсы сөз бар «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Еліміздің біршама өңірін су басып жатыр. Апат айтып келмейді дейді. Осы тұста біз қол қусырып отыра алмадық. Жапа шеккен аймақтарға вагон арқылы көмектердің барлығы жөнелтіледі. Сонымен қатар көмекпен қоса біздің волонтерлеріміз, белсенділеріміз барып, сол көмекті ары қарай халыққа жеткізуге, тасымалдауға, сұрыптауға өз үлестерін қосатын болады.