Оралда су тасқынының алдын алуға қызу дайындық басталды

Кейінгі күндері Ресейдің Орынбор облысындағы Ирикла су қоймасынан Жайыққа секундына 2 мың 170 текше метр су келіп жатыр.

Бұл – рекордтық көрсеткіш, – дейді мамандар. Су қоймасы салынғалы мұндай су келмеген екен. Орал қаласы үшін қауіпті деңгейдің шегі 850 сантиметр болса, қазір гидробекеттегі көрсеткіш 685 сантиметрге жеткен. Жайық жағасындағы 55 бау-бақша серіктестігінде 10 мың адам тұрады. Қала әкімдігі тұрғындардың қауіпсіз жерге көшуін қазірден ескертіп жатыр. «Азаматтық қорғаныс туралы» заңға сәйкес алдағы сейсенбіден бастап саяжайлардағы жарық пен көгілдір отын ажыратылады, – дейді қала билігі. Қазір 20 шақты құрылыс компаниясының 200 арнайы техникасы өзен жағасындағы бөгеттерді биіктетуге кірісті.

Жандос Дүйсенғалиев, қала әкімінің орынбасары:

- Жергілікті компания, барлығы, еліміздің тұрғындары. Олар да қарсы сөз айтпай, қолдап жатыр. Жанармаймен қамтамасыз етеміз. Жұмысшыларға толық тамақтандыруды қамтамасыз етеміз. Олар күні-түні жұмыс жасайтын болады. Кешкі, түнгі ауысымға да жұмыс жасайтын болады. Нормада деген дамбалардың өзін жарты метр, бір метрге көтеріп, нығайтқымыз келіп тұр қауіпсіздік мақсатында.