Бишімбаевтың соты 2 мамырға шегерілді

Жұбайын асқан қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот ісі кейінге шегерілді.

Бұған мемлекеттік айыптаушының екінші сотталушы Бақытжан Байжановқа тағылған айыптардың бір бөлігін алып тастау туралы өтініші себеп. Осыған дейін Байжановқа Қылмыстық кодекстің 432-бабы – «Қылмысты жасырып қалу» және 434-бабы – «Қылмыс туралы хабарламау» бойынша айып тағылған. Енді прокурорлар оны 434-бап бойынша айыптаудан бас тартып отыр. Байжановтың қорғаушылары аталған айып бойынша сотталушымен кеңесу үшін судьядан 2-3 күн беруді сұрады.

Айжан Құлбаева, судья:

- Қылмыстық процессуалдық кодекстің 355-бабына байланысты айыптау актісі берілген соң сот отырысы тек 3 күннен кейін басталады. Осыған байланысты сот процесі шегеріледі. Келесі сот отырысы 2 мамыр, сағат 10-ға белгіленді.