Қанат Бозымбаев Қостанай тұрғындарымен жүздесті
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бірқатар ірі компания басшыларымен бірге Қостанайға барды.
Олар тасқын судан бүлінген үйлерді аралап, тұрғындармен жүздесті. Апат зардабын жою бағытында атқарылып жатқан жұмыстарымен танысты.
Қостанай ауданындағы Алтынсарин ауылында 151 үйді су басты. Соның үштен бірі жарамсыз күйде. Бүгінде сол үйсіз-күйсіз қалған 30 шақты отбасы облыс орталығынан пәтер сатып алуға келісім-шарт жасасқан. Тағы 22-сінің құжаты дайындалып жатыр. Жаңа үйден үш бөлмелі пәтерге ие болғандардың бірі Қазыбаевтар отбасы.
Ерасыл Қазыбаев, қала тұрғыны:
- Шынын айтсақ, ойламадық қалаға тез келеміз деп, Үйде ата-анамыз, үйде әжем бар тоқсанға келіп қалған. Жуырда туған күні өте жақсы сыйлық болып жатыр. Қуаныштымыз. Енді осындай жағдай елімізде болмасын.
Ірі компаниялардың қаржылай қолдауымен 400-ге жуық жаңа үй салынады. Немесе пәтер сатып алынады. Бұдан бөлек көпір, жол, электр желілерін жөндеу жұмыстары тағы бар. Осының барлығына шамамен 9-10 миллиард тенге керек.
Олжас Нұрғалиев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
- Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, екі көпір құрылысымен қоса есептегенде өңірдің автокөлік жолдарын қалпына келтіруге 6,5 миллиард тенге қажет.
Бизнес өкілдері зардап шеккен аймақтарға барынша көмек көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.
Шухрат Ибрагимов, кәсіпкер:
- Тасқын судың зардабын жоюға барлық өңірлерге біздің компания 40 миллиард тенге бөліп отыр. Мұнымен шектеліп қалмаймыз. Зақымданған баспаналарды жөндеу, жаңа үйлер салу, инфрақұрылымды жаңғырту бағытында әкімдіктермен тығыз байланыста жұмыс істейміз.
Мемлекет тарапынан да дүние-мүлкінен айырылған жандарға қосымша қаржылай көмек көрсетіледі.
Қанат Бозымбаев , ҚР Премьер-министірінің орынбасары:
- Кеше Премьер-министр тиісті шешімге қол қойды. Соған сәйкес ешкімді бөліп-жармай, тасқын судан зардап шеккен еліміздің барлық тұрғындарына 100 төмеңгі есептік көрсеткіш көлемінде әлеуметтік төлем қаралған. Сондай-ақ бүлінген дүние-мүлік үшін әр отбасыға шамамен 150 төмеңгі есептік көрсеткіш денгейінде өтемақы беріледі.
Айта кетелік, «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорының қолдауымен облыстың оңтүстік аудандарында жүз үйдің құрылысы басталмақ. Қанат Бозымбаев мемлекет басшысының тапсырмасымен жақында сол жұмыстың барысын бақылап қайтатындығын айтты.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров