Петропавлда тасқыннан зардап шеккен отбасы баспаналы болды

Петропавлда көктемгі тасқыннан зардап шеккен алғашқы отбасы баспаналы болды. Оларға қала орталығынан 2 бөлмелі пәтер берілді, деп хабарлайды 24KZ.

Қоныстойына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі де ортақтасты. Одан бөлек, Светлана Жақыпова жатақханаларда тұрып жатқан адамдармен кездесіп, оларға арнайы салынып жатқан үйлердің құрылысын барып көрді.

Валерий және Людмила Беленко Ойқала ықшамауданында 45 жыл тұрды. Биыл олардың үйін су басып, жақында тұруға жарамсыз деп танылды. Сондықтан зейнеткерлерге қаланың қақ ортасынан 2 бөлмелі пәтер сатып алынды.

Людмила Беленко, қала тұрғыны:

- Пәтер алғанымызға әлі де сенбей отырмыз. Биыл отау құрғанымызға 50 жыл толады. Соған тамаша тарту болды. Үй орталықта орналасқан. Өзіміз таңдадық. Емхана, дәріхана, бәрі жанымызда.

Петропавлда көктемгі тасқыннан 2 мыңнан аса үй су астында қалды. Енді зардап шеккен тұрғындар біржолғы әлеуметтік көмек пен өтемақыға телефон арқылы өтініш бере алады. «Egov mobile» қосымшасында осындай қызмет іске қосылды.

Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Біздің ақпараттық жүйе жаңағы өтінішті қабылдап, негізі басқа мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы өздерінің анықтамаларын жинайды. Біріншіден, ол жаңағы тіркелді ме, ол жерде тұрды ма және де техникалық паспорты үйдің бар ма, жоқ па, қандай көлемде болды, соның бәрін қарастырып, жаңағы техникалық аудит жүргізетін ұйымға жібереді өтінішті.

Тасқыннан зардап шеккен көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар және осал топтағы адамдар шипажайға тегін жолдама алады. Бұл туралы тұрғындармен кездескен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мәлімдеді. Светлана Жақыпова оларға салынып жатқан жаңа үйлердің құрылысымен де танысты.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Петропавлда тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға осындай 500 үй салынады. Олардың бәрі бірдей болады. Әрқайсысы 80 шаршы метрден. Бұл баспаналар екі айдың ішінде дайын болуы тиіс.

Қазақстанда көктемгі тасқыннан 22 мыңға жуық отбасы зардап шекті. Қазір олардың жартысынан астамына 5 млрд 800 млн теңге көлемінде біржолғы жәрдемақы төленді. 

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков.