Үш ірі компания Ақтөбе облысына 28 млрд теңге бөледі
Үш ірі компания Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккендерге үй салуға және сатып алуға шамамен 28 млрд теңге бөледі.
BI Group, «Верный Капитал» және «Қазхром» тұрғын үй салуға, сатып алуға және инфрақұрылымды қалпына келтіруге өңірге қомақты қаражат бағыттамақ. «Су тасқынынан келтірілген залалды жою үшін жергілікті бюджеттен 7,8 млрд теңге қарастырылған. Алайда тұрғын үй қорынан басқа 136 шақырым жолды, 15 көпір мен 23 әлеуметтік нысанды қалпына келтіруіміз қажет. Елге белгілі ірі кәсіпкерлер көмек қолын созды. Біз Ақтөбе облысына үш компанияны бекітеміз. Тұрғын үй салу үшін әкімдік 26 мердігерді анықтады, қазіргі уақытта 63 үйдің құрылысы жүріп жатыр», — деді вице-премьер Қанат Бозымбаев.
Ал Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, өңірде жағдай тұрақтанды, өзендердегі су деңгейі төмендеп келеді. Бірақ Ырғыз, Мұғалжар, Темір, Ойыл, Қобда, Әйтеке би аудандарында және Ақтөбеде жергілікті деңгейде ТЖ режимі әлі де сақталуда. Барлығы 4600 тұрғын үй апаттан зардап шекті. Бүгінгі таңда 1 мыңнан астам үй мен саяжай тексеріліп, оның 641-і жөндеуге жатпайтыны анықталды.