Майдангер: Берлинге 120 шақырым қалғанда жараландық

Жетісу облысында Жеңістің 79 жылдығын 4 қарт майдангер қарсы алды, деп хабарлайды 24KZ.

100 жасаған ардагерлер бүгін көпшілікпен бірге Талдықорғандағы мәңгілік алауға гүл қойды. Адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстың көзі тірі куәгерлері жайлы тілшіміз Шыңғыс Қалиден тарқатады.

Ысқақ Әбілпейісұлының ауласындағы шағын парад ардагердің көңілін бір серпілтіп тастады. Мерекемен құттықтай келген меймандарға балаша қуанған қарт 1942 жылы Украина майданына қатысқан. Кейін Жапонияға аттанған теңіз флотында болды. Елге оралған соң  ұстаздық еткен қария соғыстың ауыр да азапты күндерінен гөрі жақсы тілек айтып, бата бергенді жөн санайды.

Асхат Оспанов, әскери бөлімі командирінің орынбасары:

- Ысқақ атамыз – біз үшін үлкен мақтаныш. Өйткені Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлері бейбітшілік сыйлады. Біз ардагерлерімізді, ата-аналарымызды әрқашан құрметтеуіміз керек.

Мамырдың онында 100-ге толғалы отырған Сәрсенбай Қаңтарбай ақсақал соғыста қазақтың батыр ұлдарымен бірге болған. Майдан даласында Рахымжан Қошқарбаев, Сағадат Нұрмағамбетовпен араласса, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының қарамағында қызмет етті. Пулеметчик ретінде ол соғыстың басты қаруы «Катюшаны» күзетіп, 9-гвардия сапында Еуропаны жаудан азат етуге қатысты.

Сәрсенбай Қаңтарбай, соғыс ардагері:

- Шығыс Пруссияны, Балтық теңізінің жағалауындағы 5-6 мемлекетті, Польша, Латвия, Литва, Эстония, Румыния, Югославия бәрін азат еттік қой. Сонымен 120 шақырым Берлинге қалғанда жараландық. Екі қолымнан. Ұшақпен ардақтап, құрметтеп, Мәскеу түбінде Владимир облысы, Калчюгин қаласында госпитальда 6 ай жатып, парадқа қатысып, ауылға қайттым.

Төлеубай Нұрмұхаметұлы 1943 жылы соғысқа өзі сұранып барыпты. 17 жастағы жасөспірім дайындық курсынан өткеннен кейін Беларусь майданына қосылған. Қаруластарымен бірге Венгрия жеріндегі ұрыстарға қатысып, 1945 жылы Қиыр Шығысқа жіберіледі.

Төлеубай Нұрмұхаметұлы, соғыс ардагері:

- Соғыс біткеннен кейін батыстан әкелді біздерді, Қытайды босатуға Жапониядан Харвин деген қалаға бардық. Ол шекарадан 800 шақырым барып, Қытайға бостандық жасап, қарашада қайтып келдік.

Отты жылдардан өтіп, Жеңістің 79 жылдығын қарсы алған қарт майдангерлердің әрқайсысына бүгін Мемлекет басшысының құттықтауы табыс етілді.

Жетісу жерінен соғысқа 120 мыңнан аса адам аттанып, 70 мыңы майдан даласында көз жұмды. Отан үшін от кешкен жауынгерлердің есімі ел жадында мәңгі сақталмақ.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов.