Алименттің әлегі. Әке екеніңді ұмытпа!
Астанада алимент төлеуден жалтарғандардың қарызы 2 млрд теңгеден асқан.
Баласына берешегі бар екі мыңға жуық адам қашып жүр. Алайда, жауапкершіліктен жалтаруға жол берілмейді. Сот орындаушылар заңға бағынбағандардың дүние-мүлкі тәркілеп, есепшоттарын бұғаттайды. Ал елордалық полицейлер тұрақты түрде рейдтік шаралар өткізіп, алимент төлемегендердің көліктері айып тұрағына қойылып, жүргізуші құқығынан айырылады.
Жансая Рахметова жалғыз өзі үш баланы өсіріп отыр. Жолдасымен ажырасқан соң 2016 жылы алиментке арыз берген. Алайда, содан бері күйеуінен көк тиын да көрмеген. Алименттен жалтарған әкенің қарызы 9 млн теңгеден асып кеткен.
Жансая Рахметова, Астана қаласының тұрғыны:
- Төлеуге шамасы бар, Көкталда коттеджде тұрады. Алиментті көрсеткенде, 35 мың теңге көрсетті. 35 мың теңге қазіргі уақытта ештеңеге жетпейді. Үшеуі де қыз бала. Қарызы бар 9 млн теңге. Сол қарызын төлесе екен деймін.
Бауыр еті баласының тағдырына алаңдамайтын әкелерге заң қатал. Астаналық полицейлер алименттен қашып жүрген осындай азаматтарды анықтап, қолға түсіру мақсатында рейдтік шаралар өткізеді. Бұл жолы да тәртіп сақшыларының көмегімен іздеу салынған борышкерлер анықталды.
Полицейлер планшеттің көмегімен борышкер туралы барлық мәліметке қол жеткізе алады. Ол үшін адамның жеке куәлігі жеткілікті.
Перзентіне көмек беруден қашатындарды полицейлер көшенің қақ ортасында тоқтатып, тексереді. Берешегін өтемегені анықталса, көлігін айып тұрағына тоғытады.
Алимент төлеуден жалтарып жүргендерді анықтау қиын емес. Сот орындаушылары олардың тізімін полицейлерге тапсырады. Қарызы барлардың қала бойынша қайда жүргенін полицейлер Сергек бейнебақылау жүйесі арқылы әп-сәтте анықтайды.
Астана қаласы бойынша алименттен жалтарып жүрген 2000-ға жуық азамат бар. Олардың жалпы берешегі 2 млрд теңгеден асып кеткен. Борышын өтеуге асықпайтындардың дүние-мүлкіне тыйым салынады. Мұндай шаралардың бәрі алименттен жалтарып жүрген әкелерге ой салады.
Азамат Айнабеков, Астана қаласы әділет департаменті басшысының орынбасары:
- Рейдтік іс-шаралар арқасында жыл басынан 75 машина ұсталды, соның ішінде алимент бойынша 25 машина ұсталды жыл басынан бері +01:47 жеке сот орындаушылармен сауда-саттыққа шығарылып, балаларына тиесілі қаражат өндіріліп берілді.
Өкініштісі, бауыр еті баласы үшін қалтасынан бір тиын да шығарғысы келмейтін безбүйрек әкелер жетерлік. Олар дүние-мүлкін жасырып, табысын азайтып көрсетуге тырысады. Алайда, заңнан жалтаруға жол берілмейді.
Мадияр Ахметбеков, жеке сот орындаушы:
- Басқа банкке келіп, шот ашамын десе, ол аша алмайды. Өйткені, тек бұғат емес, жаңа шот ашуға тыйым салынады. Лицензиялары, водительское удостоверение болса, егер де мүлігі болса, арестке кетеді.
Қарызын өтей алмай жүрген борышкерлердің ішінде екі қолға бір күрек таппай жүрген азаматтар да бар. Мұндай жағдайда оларға бос жұмыс орындары ұсынылады. Мәселен, 2023 жылы 152 борышкер жұмысқа орналастырылып, өз баласының алдындағы қарызын өтей алған.
Қуандық Танабас, Қанат Махмұтов, 24.KZ