Құлсарыда зардап шеккен тұрғындарға жер телімі беріледі
Құлсары қаласының «Болашақ» ықшамауданындағы 30-ға жуық тұрғын үйге жаңа жер беріледі.
Жұртшылықпен кездескен Жылыой ауданының әкімі бүгін осындай ұсыныс білдірді. Өйткені ықшамаудандағы бірнеше баспана ойпаңда орналасқан. Алдағы уақытта тасқын салдарынан мұндай келеңсіздік болмас үшін тиісті шешім қабылданып отыр. Егер Болашақ ықшамауданының тұрғындары бағаға келіссе, инфрақұрылымы дайын жер беріліп, сол аумақтан жаңа баспана сала алады. Қазір ауданды судан тазарту жұмыстары жалғасып жатыр. Құлсарыдағы 2906 үйдің ауласынан 5,5 млн текше метр су шығарылған.
Жұмабек Қаражанов, Жылыой ауданының әкімі:
- 30-ға жуық үйлер мына сайда тұр. Тұрғындармен кездесіп тұрғанда, өздеріңіз естідіңіздер, оның суын алып, басқа сайға лақтырғаннан гөрі егер тұрғын өз келісімін берсе, сайда тұрған жерін басқа жерге көшіріп, сол кеткен материалдық шығындардың барлығын өтеп, тұрғынның өзіне берген дұрыс деген, тиімді болады деген ұсынысты білдіруге кездесуге келдім. Жалпы тұрғындар өзі қарсы емес. Іштегі құжаттармен нақты қай жерде жер бос, соның бәрін қарап, жақсы ұсынысымызды білдіруіміз керек.