ШҚО-да орман өртіне қарсы оқу-жаттығу өтті

Шығыс Қазақстанда күн ысығалы бергі бір ай ішінде құтқарушылар 8 рет дала өртін өшірді.

Алқапта, ауыл маңында, жол бойында өсіп тұрған шөпті де жалын шарпып жатыр. Сондықтан өрт сөндірушілер оқу-жаттығу іс-шараларын өткізіп, дайындықты пысықтауға кірісті. Жаттығу кезінде орманға найзағай түскенде қалай әрекет ету керектігіне баса назар аударылуда. «Өйткені алдағы маусым-шілде айында жай түсіп, жалын тұтанатын кез көбейеді»,- дейді мамандар.

Оқу-жаттығу Самар орман шаруашылығында өтті. Өйткені мұнда алдыңғы жылы 13, ал былтыр 10 рет найзағай түскен. Сондықтан осындағы қарағайға от тиген жағдайда орманшылар мен құтқарушылар сақадай-сай болуы қажет.

Әсет Сейілқұмаров, Самар аудандық ТЖБ бастығы:

- Оқу жаттығу жоспарына сәйкес- осы біз тұрған қарағайлы орманға найзағай түсіп, өрт шығады. Бұл жалынды сөндіруге орман күзеті мен төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары  бірлесе ат салысып жатыр. Қолда бар техниканың әзірлігін де байқадық. Ал әкімдік өкілдері эвакуациялық шараларға қаншалықты әзір екендігін көрсетті.

«Осы әзірліктің сапасы сыналатын кез де алыс емес. Алдағы маусым- шілде айларында найзағай әдеттегіден жиі түседі», - дейді орманшылар. Дәл сол уақытта шөп те, ағаш та қурап, лап етуге дайын тұрады.

Еркін Қабдырғалиев, Самар орман шаруашылығының директоры:

- Найзағай қарағайларға тиеді, содан кейін төменгі шөпке, мүк бар, бар содан өрт қауіпсіздігі, жана бастайды сол кезде біздің полк бірінші өртке шығып соларды сөндіре бастайды, ЧС-пен бірге бірігіп жұмыс істейміз.

Жаттығуда өртті сөндірудің тактикалық әдістері түгелдей пысықталды. Орман маңын жыртып, арнайы белдеу де жасалды.Дегенмен жалынның тұтануы көбінесе жолаушылар мен табиғат аясында демалушылардың салғырттығынан болады.

Темекі тұқылы тұрмақ, жай ғана лақтыра салған әйнек те жалынға себепші болуы мүмкін. Орман ортасында алау жағу да қауіпті.Сондықтан құтқарушылар оқу-жаттығумен ғана шектелген жоқ. Мәселен туристер көп баратын Риддерде сақтық шаралары күшейтіліп, рейд басталды.

Евгений Тарасов, Риддер қалалық ТЖ басқармасының бастығы:

- Бізде Риддерде мобильді топ құрылған. Күн сайын тұрғындар жиі барады-ау деген жерлерді аралап жүрміз. Осы күнге дейін орман ортасында өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған бір адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жалпы ел шығысында ну тоғайдың отқа оранған кезі аз емес. Тек соңғы екі жылдың ішінде өлкеде 150-ден аса орман өрті тіркелген. Тізсіз жаудан сақ болу үшін де жаттығулар мен дайындықтар аса қажет.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов