Қоржын ауылында 90 үй салынады
Батыс Қазақстан облысының аудандарында наурыздың аяғы-сәуірдің басында 1497 үйді су басса, соның 456-ы тұруға жарамсыз деп танылды.
Қазір бүлінген баспананың орнына жаңасын салу жұмыстары басталды. Қаратөбе ауданындағы Қоржын ауылында 90 тұрғын үймен қатар 6 әлеуметтік нысан ғимаратын тұрғызу жоспарланған.
Дәл қазір жаяу кешіп өтуге болатын Жақсыбай өзені жылда асау мінез танытады. Биыл да арнасынан асып, жолындағыны жайпап өтіпті. Тұрғындар 3 қабатты мектеп ғимаратын паналапты. Ауылда 124 үй болса, соның 90-ы жарамсыз, он шақтысына жөндеу қажет. Арнайы комиссияның ұйғарымы осы. Жаңа үйлер ауылдың шетіне биік жерге салынбақ.
Артық Байденов, Қоржын ауылының тұрғыны:
- Бұл жер 90 см биік біздің үйлермен салыстырғанда. Сондықтан енді бұл жерге су келмейді деп ойлаймыз. Жаңа қоныстың аты Жаңақоныс. Бұған ауылдың жастарын тартып жатыр, жұмыс бәрі де қызу жүріп жатыр.
Қазір 6 мердігер компания анықталған. Материалдар жеткізіліп, үйлердің іргетасын қазу басталған. Құрылысты қысқа мерзімде бітіру көзделген.
Айдана Опиева, Қоржын ауылының тұрғыны:
- Су тасқынынан менің де үйім құлады. Осы жағдайға байланысты өңірімізге, ауылымызға Мемлекет басшысы келіп кеткен барлық жағдай жасалатынына уәде беріп. Сол уәдесінің орындалып жатқанын көріп отырмыз. Құрылыс басталып жатыр.
Тек 90 үй емес, ауылдағы әлеуметтік нысандар да қирап қалды. Мәдениет үйі, әкімдік кеңсесі, ветстанса ғимараты, медпункт, кітапхана секілді 6 ғимарат жаңадан бой көтермек. Бүгінде тиісті жоба-сметасы әзірленуде.
Жасұлан Сұлтан, Қаратөбе ауданы әкімінің орынбасары:
- 1 қыркүйекке мерзім берді. Жұмыстар басталды. Жолды күні кеше жөндеп болды. Енді ауыр техниканың келуіне мүмкіндік жасадық. Ауыр техника келіп, осы жердегі құрылыс жұмыстарының қарқыны басталады деп отырмыз.
Сонымен қатар, су тасқынының алдын алу мақсатында ауылды айнала бөгет салу көзделген. Қыр суынан қорғайтын дамбаның жоба-құжаттамасы алдағы айда әзір болмақ.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов