«Jas Kenes Siylygy» конкурсына өтінім қабылдау басталды
![«Jas Kenes Siylygy» конкурсына өтінім қабылдау басталды](/media/k2/items/cache/2091a96ac1ac655a39e0317880fa6f5b_XL.jpg)
Қоғам үшін маңызы зор сала қызметкерлері арасында «Жас кеңес сыйлығы» конкурсы жарияланды, деп хабарлайды 24KZ.
Оған құтқарушылар, полицейлер, өрт сөндірушілер, акушерлер, жедел жәрдем қызметкерлері, тау-кен өндірісі мамандары қатыса алады. Бұл – басшылық қызметтегі емес, қарапайым жұмыскерлер арасындағы жарыс. Үміткер Қазақстан аумағында тұратын, жасы 35-ке дейінгі азамат болуы шарт. «Жас кеңес сыйлығы» Президент жанындағы жастар саясаты жөніндегі Кеңестің бастамасымен ұйымдастырылған. Бас жүлде – 1 миллион теңге. Конкурсқа өтінім қабылдау 18 маусымнан, яғни бүгіннен бастап 21 шілдеге дейін жалғасады. Сайысқа Жаскеңес.kz сайты арқылы тіркелуге болады. 7 номинация бойынша 14 жеңімпаз анықталады. «Олардың әр қайсысына 1 миллион теңгеден табысталады», – дейді ұйымдастырушылар. Үміткерлер өздері жайлы резюме, эссе жазып ақпарат беруі тіис.
Әділ Құсманов, ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты кеңесінің мүшесі:
- «Жас кеңес сыйлығы» – бұл тәуелсіз премия. Жастарға арналған. Конкурсымыз 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – өтінімдерді қабылдау, тексеру. Екінші кезеңде кандидаттардың резюмелерін және мотивациялық эсселерін тексеру. Оларды бағалаймыз және үшінші кезең – интервью, сұхбаттасу. Біз осы интервьюге 5-7 кандидатты шақырамыз және әр саладан 2 кандидатты сайлаймыз. Осы 2 кандидат біздің жеңімпаздар атанады.