Су тасқыны: Алтынсарин ауылындағы 72 үйді жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын

Қостанай облысының Алтынсарин ауылында тасқыннан зақымданған 72 үйді жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын, деп хабарлайды 24kz.

37 баспана әкімдіктің көмегімен қалпына келтірілді. Қалғанын үй иелері өз күшімізбен атқарамыз деп шешкен. Олардың бәріне техникалық сараптама қорытындысына сәйкес тиісті ақша бөлінді. Мердігер бар жұмыс ауқымын аяқтағанннан кейін үй иесі қабылдап алып, ешқандай реніш-талабы жоқтығын көрсетіп, қолхат жазады. Содан кейін ғана смета бойынша мердігерге төленеді. Өз күшімен жөндеуге бел буғандар да алған қаржы бойынша есептесуге міндетті.

Маржан Досқалиева, Қостанай ауданы әкімінің орынбасары:

- Өз бетімен жөндейміз деп ақша алғандар бекітілген жұмыс ауқымын атқарып шығуға міндетті. Және алты айдың ішінде қаржы өз мақсатында жұмсалғанын дәлелдеп, есеп беруі қажет. Ол құжат алдағы уақытта тексеру үшін әкімдікте сақталатын болады. Әр үйді жөндеуге шамамен 5,5-6 миллион тенге бөлініп отыр.