Жаңатаста су басқан аулалар толық тазартылды

Жаңатаста жаңбыр суы кірген барлық аула тазартылды, деп хабарлайды 24KZ.

Жергілікті билік пен құтқарушылар 3 күннен бері тынымсыз жұмыс істеді. Жауын-шашын салдарын жоюға 280 адам мен 70-ке жуық техника жұмылдырылды. Жарықсыз қалған Малоэтажка және Дегерес елді мекендері электр желісіне қосылды. Жаңатас-Саудакент тасжолындағы көлік қатынасы да қалыпқа келді. Табиғи апаттан адам және мал шығыны жоқ. Дүние-мүлікке келген шығын көлемін анықтау үшін арнайы комиссия құрылған. Жергілікті билік бұл жұмыстарға тәуелсіз сарапшыларды да жұмылдырды.

Руслан Орынбек, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Су айдау жұмыстары бүгін таңертең аяқталды. Жалпы осы аралықта 21 мыңнан аса куб су сорылған болатын. Қазіргі таңда ауданда материалдық шығындарды анықтау комиссиясы жұмыс жасап жатыр. Бұл комиссия аудандық әкімнің шешімімен құрылған болатын.