Сыздықовтар әулетінің энергетика саласындағы жалпы жұмыс өтілі 300 жылдан асады

Елордалық Сыздықовтар әулетінің энергетика саласындағы жалпы жұмыс өтілі 300 жылдан асады деп хабарлайды 24kz.

Шаңырақта оннан астам адам осы салада еңбек етеді. Әрқайсысы жан қалауымен осы кәсіпті таңдап, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып келеді. Тәжірибелі мамандар білген-түйгенін жастарға үйретуді парыз санайды. Еңбек династиясының мүшелерімен біздің тілшілеріміз сұхбаттасты.

Рухани Асқар, тілші:

- Әулеттің мүшелері өткен ғасырдың орта шенінен бері еңбек жолын энергетика саласына арнап келеді. 1957 жылы Қадиша Жиенбаева осы техникалық мамандықты таңдаған. Өмірлік жарын да қызметтестері арасынан кездестірді. Энергетиктер отбасынан 12 ұрпақ тарап, бүгінде 6 баласы ата-ана ізін жалғады. Дәменткен Адахманова солардың бірі.

Дәметкен Адахманова, «Астана АЭК» АҚ операторы:

- Кәсіпке анамның ұсынысымен келдім. Кезінде шешемді жұмысқа қабылдаған кісі Ильчинко Иван Васильевич маған: «егер анаң секілді жұмыс істесең – қатарға аламыз», - деді. Осындай биік дәрежені 45 жыл бойы түсірмедім. 90-жылдары еңбекақы төленбей, қиыншылықтар болды. Қазір бәрі тұрақты. Мен үшін жұмысым отбасым секілді. Әкем, анам, ағаларым да осы салада қызмет етті.

Энергетиктер әулеті Целиноградта ұзақ жылдан бері еңбек етті. Дәметкен апайдың ағасы Егімбай Сыздықов қалалық электр желілері мекемесіне сонау 1968 жылы қызметке келген. Салада 47 жыл еселі еңбек етті. Бүгінге дейін қоластындағы ондаған жас маманға ақылшы болып, тәжірибесін үйретті.

Егімбай Сыздықов, энергетика саласының ардагері:

- Әлі күнге дейін жедел бригадаларда қызмет етіп жүрген тәлімгерлерім көп. Жұмысымыз өте қиын, себебі тоқ көзге көрінбейді, сонысымен қауіпті. Әуелі қауіпсіздік техникасын сақтау керек. Сонымен қатар ынтасы болмаған адамды жұмысқа алудың қажеті жоқ.

Кейін Егімбай ағаның кіші бауыры – Қали Сыздықов та осы жолды таңдады. Қызметке 16 жасында қарапайым электрші болып кіріссе, қазір «Астана» АЭК мекемесінің Есіл ауданы бойынша бас шебері. «Біліктілік көп жылғы тәжірибе мен еңбектің арқасында келеді», - дейді ол.

Қали Сыздықов, «Астана АЭК» АҚ Есіл ауданы бойынша бас шебері:

- Алғашқыда бірінші топтағы электромонтёр болдым. Кейін техникум тәмамдап, шебер қызметіне дейін жоғарыладым. Кез келген жерде: мейлі, сен мұғалім бол, дәрігер бол – тәжірибе жинақтау маңызды. Ал оған еңбектің арқасында қол жеткізесің.

Қали ағаның ұлы да әке ізін жалғады. Данияр жедел қызметтің аға диспетчері. Жұмысы – қалаға жарықтың үздіксіз берілуін бақылау. Ақау туындаса, жедел әрекет ету. Бүгінде энергетиктер династиясының жалпы жұмыс өтілі 300 жылдан асады. Әулет мүшелері әр жұмыс күнін адал еңбекке арнап, абырой биігінен көрініп келеді.

Авторлары: Рухани Асқар, Томирис Біләл