Түркістандық шаруалар: Биыл су мол, егін өнімді

Биыл су мол. Таяуда қайта өнім жинаймыз. Түркістан облысының шаруалары осылай деп қуанып отыр деп хабарлайды 24kz.

Шаруаларға Шардара су қоймасынан Қызылқұм каналы арқылы 682 млн текше метр су жіберілген. Қазір қоймада 2,6 млрд м3 су бар. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 600 млн текше метрге артық. Егіншілердің сұранысы бойынша егіс алқаптарына секундына 115 текше метр су жіберіліп жатыр. Облыс диқандары биыл су тұрақты берілгендіктен, мол өнім алып жатқандарын айтады. Қарбыз еккен шаруалар тіпті тамыз айында екінші мәрте өнім жинауды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, бұған дейін  мемлекетаралық «Достық» каналы арқылы Өзбекстаннан Қазақстанға 922 млн м3 су жіберу туралы келісім жасалған.  Жалпы суару кезеңі басталғалы  Өзбекстаннан елімізге 3,9 млрд текше метр су келді.

Төлепберген Артықов, егінші:

- Биыл су мол болды. Халық разы. Жылда судан қиналатын едік, бірақ биыл бәрі жақсы. Қыста да суды жақсы алдық, жазда да су уақытылы берілді. Бір мәрте жинап алып, екіншісін суарып жатырмыз. Алдағы 10-15 күнде тағы өнім алуға ниеттіміз.