Елордада 20-дан астам адам жиһаз жасаушыларға алданған

«Жиһаз жасаймын», – деп жұрттың миллиондарын қалтасына басқан. Елімізде осындай алаяқтар көбейіп барады, деп хабарлайды 24KZ.

Олар сенімге кіру үшін тапсырыс берушімен келісімшарт жасасып, төлем қолына тиген соң төбе көрсетпей кетеді. Бір ғана елордада 20-дан аса адам алданып қалған. Бұл тек бізге белгілісі ғана.

Мұндай жиһазды Ирина Мурашко армандап жүргелі қашан. Тіпті оған қол жеткізу үшін келіншек былтыр жиһаз жасайтындарды жалдапты. Ал компанияны әлеуметтік желіден тапқан. «Қалағаныңыз болады», – деп уәдені үйіп төккен әлгілер 1 млн 683 мың теңге сұраған. «Оның 80%-ін сол арада төлеңіз», – деп асықтырған көрінеді. Айтқанын екі етпеген Ирина ақыры опық жеп қалды.

Ирина Мурашко, қала тұрғыны:

- Славиковская деген келіншекпен келісімшарт жасастым. 1 млн 300 мың теңгені бірден төледім. «Қалғанын жиһаз дайын болған соң төлейсіз», – деді. 5 наурыз күні жиһаз дайын болатынын айтты. Алайда белгіленген күннен кейін 3 күн өтті, хабар-ошар болмаған соң өзім хабарластым. Олар үлгермегендерін айтып ақталды. Мен, әрине, қатты ашуландым. Кешірім сұраудың орнына олар келісімшартты біржақты бұзатындарын айтып қорқытты. Содан бері не жиһазды, не ақшамды ала алмай жүрмін.

Диляра Ахтаева да алданғандардың қатарында. Баспалдақ пен есік жасатамын деп жүріп бәзбіреудің қолына 1 млн 900 мың теңгесін ұстатып жіберген. «Қызметі үшін арзан баға ұсынып, қызықтырды», – дейді келіншек.

Диляра Ахтаева, қала тұрғыны:

- Мені тұтынушы ретінде бірінші кезекте бағасы қызықтырды. Басқалардан арзан болған соң еш ойланбастан келісе кеттім әрі қолында келісімшарты болды. Тіпті өзінің цехы барын айтып сендірді. Алайда түрлі сылтаумен жұмысты кейінгі шегере берді. Сосын мен оның жекеменшік компаниясы жайында дереккөздерден ақпарат іздестіре бастадым. Көптеген адамға қарыз екенін содан барып бір-ақ білдім.

Сан соғып қалғандар арнайы чат ашып, бірігуді жөн көрген. Полиция мен  прокуратураға ұжымдық арыз да жазыпты. «Бірақ одан келер қайран жоқ», – деп күйінеді келіншек. Ал жұрттың милиондарын қалтасына басқандар  бостандықта тайраңдап жүр. Жиһаз жасау қызметінде алаяқтықтың өршіп бара жатқанын мамандар да мойындап отыр.

Айнұр Қайдарова, заң кеңесшілері палатасының төрағасы:

- Бізде заңды барынша қатаңдату керек деп есептейтін. Бұрын алаяқтар келісімшарт жасамайтын болса, қазір келісімшарт жасау арқылы адамдардың сеніміне кіріп, алдауға көшті. Ал келісімшарт болса қылмыстық емес, азаматтық іс ретінде қаралады. Сондықтан олар жазадан оңай сытылып кетіп жатыр.

Яғни, заң бойынша келісімшарт болса, полиция қауқарсыз. «Сондықтан алаяқтар да жазадан оңай сытылып кетіп жатыр», – дейді

Светлана Романовская, «Ұлттық тұтынушылар лигасы» РҚБ төрағасы:

- Мұндайда полицейлердің дәрменсіздігін айту керек. Олар көбіне қылмыстық құрам болмаған соң істі жылы жаба салады. Тіпті тергеушілер жиі ауысады. Мен бұл мәселенені күзде Мәжіліс қабырғасында көтеруге дайынмын. Тұрғындардың құқығын қорғауға ешкім селқос қарамауы керек. 

Ал алаяқтардың арбауынан аман қалудың жолы қандай? Мұны сарапшылардан сұрап білдік. «Біріншіден, келісімшартқа баса назар аудару керек», – дейді олар. Алатын жиһазыңыз туралы барлық мәлімет тайға таңба басқандай жазылуы тиіс. Екіншіден, ақшасын толық төлеуге асықпаған жөн. Үшіншіден және ең бастысы, кәсіп иесінің төлем қабілетін тескеріп барып, тапсырыс беріңіз. 

Серік Құсайынов, Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:

- Әртүрлі шоттарына арест салынды. Ол аресті соттар жасайды. Сосын сот орындаушылары жүзеге асырады. Ол қайтадан жаңадан ИП ашып, ЖШС ашып, әйелінің болсын, туысқанының болсын, өзінің қызметін жалғастыра береді. Ол кәдімгі алаяқ. Жұмысын жалғастырып, қайтадан жәбірленушілерді алдай береді. Ол жиһаз жасаумен айналысып жатқан жоқ, ол кісі алдаумен айналысып жатыр. Ондай тұлғаларды ішкі істер органдары қудалауы керек. 

Сақтықта қорлық жоқ. Жиһаз жасатамын деп жүріп алаяққа жем болмас үшін осы айтқандарды жадыңызда сақтаңыз. Ал әккілердің тұзағына түскен елорадық тұрғындар енді Ішкі істер министрлігіне шағымданбақ.

Осы оқиға бойынша кәсіпкерге алданған тұрғындардың жанайқайына, Астана қалалық полиция департаменті жауап қатты. Олар қазіргі таңда, тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.

Наиль Әзхожин, қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары:

- Алматы және Есіл аудандырының полиция басқармалары аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асырып жатыр. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Басқа ақпарат тергеу мүддесіне сай жария етуге жатпайды.  

Авторлары: Назерке Тоқжан, Жандос Битабаров.