Қызылордада 8 мектеп жөнделіп жатыр
Санаулы күндерден соң білім ошақтарында алғашқы қоңырау соғылады. Ал Қызылорда облысы бойынша 8 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр.
Жаңа оқу жылын жүйелі әрі уақытылы бастауға жанталасқан жауапты басқарма мен мердігер мекеме өкілдері: «Оқушыларды дер кезінде қабылдауға даяр боламыз», – деп отыр.
Қаланың ортасынан өтетін теміржолдың арғы бетінде орналасқан №212 мектеп 1968 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Еденінен бастап шатырына дейін ескірген нысанды жыл сайын мұғалімдердің өздері жамап-жасқап келген. 1148 оқушы білім алатын білім ұясы қазір адам танымастай өзгеріп, төрт қабырғасынан өзгесі жаңартылуда. Жұмыс қарқынды жүріп жатыр.
Досбол Аймұхамбетов, №212 мектеп-гимназия директоры:
- 26 мамырда басталған. 1 қыркүйекке балаларды қабылдауға дайын болу үшін қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Қазіргі таңда сыртқы сайдингтері, шатыр ауыстыру жұмыстары толығымен жүргізілді. Ішкі жылуды, еденді, терезелерді толықтай ауыстыру жұмыстары жүргізіліп, 80% жұмыс аяқталып тұр.
Өңірдегі 300-дей мектептің 8-і осылай толық жаңғыртылып жатыр. Оған 3 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Күрделі жөндеуден өткен білім беру мекемелерінің тақта, парта секілді оқу құралдары да толық жаңартылады.
Асқарбек Есжанов, облыстық Білім басқармасының басшысы:
- 8 мектептің бесеуі Қызылорда қаласында орналасқан. Жаңақорған ауданында, Жалағаш ауданында және Сырдария ауданында бір-бір мектептен. 6 мектебіміз жергілікті бюджеттен, оның құны 2 млрд 79 млн теңгені құраса, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 2 мектеп 950 млн теңгелік күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Алдағы 25 тамызға жөндеу жұмыстары толық аяқталатын болады.
Өңірде сондай-ақ 10 жайлы мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жуырда тағы 11-інің іргетасы қаланады. «Жаңа білім ошақтары ел игілігіне берілгенде апатты мектептер мәселесі түбегейлі шешімін табады», – дейді мамандар.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев.