Риддерде шаңғы-роллер трассасы салынды

Алтай тауларының баурайындағы Риддер – тау шаңғысын дамытуға ең ыңғайлы өңір.

Дегенмен мұндағы спортшылар жыл он екі үзбей дайындық жүргізетін арнайы трассаға зәру болған. Ақыры шаңғышылар мен биатлоншылардың арманы орындалды. Ұзындығы 1200 метр болатын шаңғы-роллер трассасы салынды. Жоба жетекшілерінің бірі Михаил Ковалёвтің айтуынша, ол құрылымы жағынан германиялық және австриялық нұсқаға қатты ұқсайды. Кәсіби жаттықтырушы кешенді халықаралық стандарттарға сәйкестендірмек.

Михаил Ковалёв, спорт клубының жетекшісі:

- Енді халықаралық дәрежедегі жарыстар өткізуді қолға алған жөн. Осылайша, өлкемізді спорттық кластер орталығы ретінде әлемге танытумыз қажет.

Бұл мақсатқа жетуге жергілікті билік қолдау көрсетуге әзір.

Қанат Оралбек, Риддер қаласы Ішкі саясат бөлімінің басшысы:
- Қазіргі уақытта бұл трассада бізде 300-ден аса спортшы күнделікті спортпен шұғылданып жатыр. Алдағы уақытта біз бұл объектінің қашықтығын созып, халықаралық стандарттарға сай қылу ниеттеміз. Бұл бағытта қазіргі уақытта жұмыстар атқарылып жатыр.

Қысқы спортқа деген қамқорлық жас шаңғышыларға да үлкен үміт сыйлады. Ульяна Басалаева облыстық жарыстың жеңімпазы. Қазір ол жасөспірімдер арасындағы чемпионатқа тыңғылықты дайындалып жүрміз.

Ульяна Басалаева, шаңғышы:

- Қазақстан чемпионатына іріктеліп, облыс намысын қорғауды көздейміз. Сондықтан жатпай-тұрмай дайындалып жүрмін. Бұл трасса жаттығуға өте ыңғайлы.

Спортшылар үшін сапалы дайындықтың сыналар күні алыс емес. 2027 жылы елде шаңғы жарысынан жасөспірімдер арасында Әлем чемпионаты өтеді.

 

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин