Қазақстанда 14 жалған полицей ұсталды
Биыл құзырлы органдар жалған полицей болып, азаматтардан ақша бопсалаған 14 күдіктіні ұстады, деп хабарлайды 24KZ. Олар алаяқтықпен айналысып қана қоймай, қылмыстық «қамқорлық көрсетіпті».
Мысалы, қараша айында Шымкентте бір топ адам полиция қызметкерлерінің кейпіне еніп, ай сайын 1,5 млн теңге алып отырған. Ал Ақтөбеде екі жас жігіт қаланың екі тұрғынына зорлық-зомбылық көрсетіп, 300 мың теңге алған. Алматы облысының екі тұрғыны өздерін жедел уәкіл ретінде көрсетіп, жәбірленушіден 500 мың теңге бопсалаған. Күдіктілерден жалған қызметтік куәлік, құжат және киім тәркіленіп, қамауға алынды.
Қуандық Алпыс, ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі:
- Заманауи технологиялар алаяқтарға ықтимал құрбандар туралы әртүрлі ақпаратты оңай алуға мүмкіндік береді. Бұл олардың қылмыстық схемаларын сенімді етеді. Азаматтардың қырағылығы мұндай қылмыстардың санын едәуір төмендетуі мүмкін. ІІМ кез келген заңсыз әрекеттер туралы полицияға дереу хабарлауды сұрайды. Бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар жалғасып жатыр.