Соғым науқаны аяқталғанша мал және ет өнімдерінің тасымалы бақылауда болады
Ұлытау облысында бір күннің ішінде мал және ет өнімдерін заңсыз тасымалдаған 25 жүргізушіге әкімшілік айыппұл салынды, деп хабарлайды 24kz.
Мал ұрлығына қатысты 3 қылмыс ашылды. Өңірде қазір «Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шарасы жүріп жатыр. Қала мен аудандарға кіреберіс жолдарға тәулік бойы жұмыс істейтін жылжымалы блок-бекет қойылды. «Профилактикалық шара соғым науқаны аяқталғанша жалғасады», - дейді тәртіп сақшылары. Жалпы облыста өткен 10 айдың ішінде мал ұрлығы 12%-ке азайған.
Бағдат Дәуғарин, облыстық полиция департаментінің мүлікті қылмыстарды ашу бөлімінің бастығы:
- Республикалық маңызды жолдарда 5 жылжымалы блок-бекеттер қойылды. Ветеринария саласында малды тасымалдау бойынша әкімшілік құқықбұзушылықтар көп орын алуда. Сонымен қатар бүгінгі таңда ең өзекті мәселенің бірі мал ұрлығына қатысты тұрғындар өздерінің түліктерін еркін жайылымдарға жібереді. Сондықтан айтарымыз өздерінің түліктерін қараусыз еркін жайылымға жібермей, бағу ұйымдастыру қажет. Себебі қараусыз жүрген мал қылмыскерлердің ең оңай олжасы болып табылады.