Қосшыда 300 орындық көпсалалы аурухананың құрылысы басталды

Қосшы қаласында 300 орынға арналған заманауи көпсалалы аурухананың құрылысы басталды, деп хабарлайды 24kz.

Бұл медициналық мекеме бір ауысымда 1000 адамды қабылдай алатын емхананы да қамтитын болады. Ауруханада тұрғындарға кең ауқымды қызмет түрлері көрсетіледі. Мұнда хирургия, травматология, кардиохирургия, онкология және басқа да бөлімшелер ашылады деп жоспарланған.

Айта кету керек, бұл мекеме тек Қосшы қаласының тұрғындарына ғана емес, сонымен қатар Ақмола облысының жеті бірдей іргелес ауданына қызмет көрсететін болады.

Жоламан Ескендіров, учаске басшысы:

- Құрылыс алаңындағы жұмыстарды шілде айында бастадық. Ең әуелі нысан салынатын аумақты қоршаумен айналыстық. Қазір ішкі инженерлік желілерді тарту ісі қалды. Бұл нысан Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында салынып жатыр. Тағы бұл аумақта пансионат пен медициналық қызметкерлер тұратын баспаналар да бой көтеретін болады.