Робот сот орындаушы азаматтардың 5 млрд теңге шығынын үнемдеуге көмектеседі
Елде жеке сот орындаушылар қызметі роботпен алмастырылды.
Енді цифрлық жүйе мен жасанды интеллектінің игілігі азаматтарды артық шығыннан арылтады. Мамандар болжамынша, жылына 5 миллиард теңге үнемдеуге мүмкіндік бар. Әділет министрлігі қазірдің өзінде 60 мыңнан астам атқарушылық іс қозғалып, азаматтар 300 млн теңгеден астам қаржысын үнемдегенін айтады.
Жыл басында пилоттық жүйе ретінде енгізілген «Робот сот орындаушы» қазір еліміздің барлық аумағында жұмыс істеп тұр. Оның мәні - азаматтар 20 айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұлды 1 ай көлемінде жеке сот орындаушының қатысуынсыз өтей алады. Бұған дейін сот орындауышының қатысуы міндетті болатын. Ал ол қызмет ақылы екені мәлім. Енді айыппұл арқалаған адам қарызын артық машақатсыз цифрлық сот орындаушы арқылы автоматты түрде өтей алады.
Мұрат Смағұлов, ҚР Әділет министрлігі Цифрландыру және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру департаменті директорының орынбасары:
- Жазаны жұмсарту секілді ынталандыратын тетіктерінің бірін қолданып отырмыз. Яғни, азаматқа қазір 30 күннің ішінде әкімшілік айыппұлды жеке сот орындаушы ақысын төлемей,, өтей алатынын жеткіземіз. Егер олай жасамаса, айыппұл көлемі мен жеке сот орындауыш қызметінің ақысын төлеуге міндетті болады. Жеке сот орындаушы қызметіне төленетін ақы мөлшері азаматқа салынған айыппұл көлемінің 3-тен 25%-на дейін құрайды.
Әзірлеушілер цифрлық сот орындаушы бұл - жасанды интеллектінің мүмкіндіктері кеңінен пайдаланған жүйе дейді. Ол жеке сот орындаушылардың жұмысын да жеңілдетті.
Мұрат Серікпаев, жобаны әзірлеуші:
- Біз 2017 жылдан бері Әділет министрлігі атқарушылық іс жүргізу органдарының Автоматтандырылған ақпараттық жүйесі жобасы бойынша жұмыс істеп келеміз. Сол кезден бастап жүйенің функционалдық мүмкіндіктерін кеңейтумен айналысудамыз. 2021 жылы процестердің көп бөлігі автоматтандырылып, пайдаланушы бірнеше батырма арқылы-ақ іс-қимыл жасай алатын болды. Одан кейін, бір бөлігін толық автоматтандыру туралы ой келіп, цифрлық сот орындаушысын әзірледік. Біздің негізгі пайдаланушыларымыз жеке сот орындаушылары.
Роботтандырылған жүйені қолданудың тағы бір артықшылығы – қарызы бар азаматтың барлық банктегі шоттары бірдей бұғатталмайды. Айыппұл сомасына қарай бір банктегі есепшоты ғана жабылады. Борышкер жеке сот орындаушыға жүгіну кезіндегі басы артық шығыннан арылады. Айыппұл туралы ақпарат азаматтың телефон нөміріне смс арқылы жолданады. Бүгінде 133 мыңнан астам азамат цифрлық сот орындаушыдан осындай хабарлама алған.