Түркістанда жүздеген пәтерде газға қарсы дабыл қондырғысы жоқ

Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өрттің алдын алу мақсатында рейд өткізді, деп хабарлайды 24KZ. Оған департаменттің жеке құрамы, газ мамандары, еріктілер мен әкімдік қызметкерлері жұмылдырылды. Мамандар қаладағы тұрғын үйлерді аралап, пәтерлерде улы газға қарсы дабыл құрылғысының бар-жоғын тексерді.

Арнайы топ алдымен Отырар шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйлерге барды. Бұл үйлерде көпбалалы, аз қамтылған және толық емес отбасылар тұрады. Мамандардың айтуынша, үй тұрғындары қауіпсіздікті сақтай бермейді. Салдарынан шақырту да жиі түседі. Тексеру барысында кей пәтерде дабыл қондырғысы болмай шықты. Зейнеткер Зәмбибі Әйтімбетова қондырғы орнатуға аса көңіл бөлмегенін мойындап отыр.

Зәмбибі Әйтімбетова, қала тұрғыны:

- Қай жерден шығып жатқанын білмейміз де, ол өзімізге қауіпті. Бұл кісілерге рақмет, біздің қамымызды ойлап, бәрін істеп жатқандарына. Сигнал берсе, жүгіріп келіп көреміз. Қай жерден шығып жатыр, қай жерден шықпай жатыр. Бұл өте жақсы, қауіпсіз зат екен.

Қала тұрғыны Айзада Әшімованың пәтерінде де улы газға қарсы дабыл қондырғысы орнатылмаған. Кейуана құрылғы орнатуға мүмкіндігі болмағанын айтты. Мамандар ас бөлмесіне дабыл құрылғысын орнатып, қауіпсіздік ережесін түсіндірді.

Айзада Әшімова, қала тұрғыны:

- Иісі шығып тұратын, сосын не істерімізді білмей қалатынбыз. Енді мынау газдың балалары келіп, сигнализация қойып кетті. Дабыл қаққыш дыбыс берсе, содан білеміз енді. Газдың исі шықса, шиқылдайды екен. Рақмет балаларға.

«Тұрғын үйдегі өрт қауіпсіздігінің» алдын алу мақсатында ұйымдастырылған шараға жүзге жуық маман тартылды. Одан бөлек, дауыс зорайтқышы бар дрондар арқылы көктен қауіпсіздік талаптары түсіндірілді. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде әлеуметтік аз қамтылған 150-ге жуық отбасының пәтерінде улы газға қарсы дабыл құрылғысы жоқ екені анықталды. Мамандар демеушілер есебінен тұрғын үй иелеріне құрылғыны орнатып, өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауды ескертті.

Әскер Сарбатов, облыстық ТЖД бастығының м.а.:      

- Бүгін біз Түркістан қаласында әлеуметтік жағдайы осал таптағы отбасылардың баспанасына демеушілердің тарапынан, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 100 дана улы газды ескертетін құрылғылар қондыра отырып, жұмыстарды жүргіземіз.

Мамандардың айтуынша, мұндай рейд жылыту маусымының соңына дейін жалғасады. Дабыл құрылғысы жоқ, аз қамтылған отбасыларға демеушілер есебінен орнатылады.     

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.