Интернет арқылы танысу жасөспірімдерге қауіп төндіріп тұр
Виртуалды кеңістікте танысу қауіп төндіріп тұр. Қылмыстық іс материалдарына сай жасөспірімдер интернет арқылы танысу мен әлеуметтік желіде хат алмасудан кейін жыныстық сипаттағы қылмыстардың құрбанына айналып жатыр. Ішкі істер министрлігі заңға қайшы мазмұндағы 35 мың шетелдік интернет ресурсын анықтады. Оның 7 мыңы – порнографиялық желі. Бұл жайында Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар бойынша аға инспекторы Абылай Тәкіров балалар қауіпсіздігін қорғау тақырыбына арналған брифингте мәлімдеді.
Сонымен қатар елде өз-өзіне қол жұмсауды насихаттағандарға қылмыстық жауапкершілік енгізілгелі осы сипаттағы 8 іс тіркелген. Өткен жылдың мамырынан бастап әрбір мектептегі тәртіпті қосымша қадағалауға полиция қызметкерлері бекітілді.
Айта кетейік, мектептерде қатарластарына кері әсер етіп жүрген 1800 бұзақы полицейлердің назарына іліккен.
Абылай Тәкіров, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар бойынша аға инспекторы:
- Балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілері бойынша тиісті деңгейде әрекет ету үшін полиция қызметкерлерінің іс-қимыл алгоритмі әзірленді. Балаға қатысты зорлық-зомбылық белгісі бар әрбір дерек бойынша міндетті түрде сотқа дейінгі тергеу жүргізіледі. Нәтижесінде биыл кәмелетке толмағандарға жыныстық қол сұғуға ұмтылудың 25 дерегі қылмыстық істер аясында, анонимдік сауалнама, әлеуметтік желі және өзге де ақпарат көздерінің көмегімен анықталды.