Атырауда «Әлем ақшаға сатылмайды» атты суретшілер байқауы өтті

Атырау облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасымен бірлесіп, «Әлем ақшаға сатылмайды» тақырыбында жас суретшілердің республикалық байқауын ұйымдастырды, деп хабарлайды 24kz.

Шара халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне арналды. Байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 19 суретші қатысып, 6 кәсіби жас суретшінің жұмысы үздік деп танылды. Жеңімпаздарды таңдау кезінде туындының жаңалығы, мазмұнның тереңдігі мен орындалу сапасы және тақырыпқа сәйкестігі ескерілді. Нәтижесінде батысқазақстандық Айнұр Бекниязованың еңбегі үздік деп танылды. «Сызат»деп аталатын еңбегінде қылқалам шебері шаңыраққа өрмелеген жыланның салмағынан жарылған уық арқылы қоғамның жегі құрты – жемқорлықты көркем көрсете білген.

Айнұр Бекниязова, жүлдегер:

- Ақшаның, байлықтың белгісін астарлы түрде жеткізгім келді. Және байқап тұрғанымыздай, менің шығармамда шаңырақ бейнеленген. Жыланның бейнесі ол қазіргі таңда белең алған жемқорлықтың бейнесі болып табылады.

Нұрлан Жахин, ҚР СЖҚІҚА, Атырау облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары:

- Енді жалпы мақсаты: ол біз айтамыз ғой мәдениет деп, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Ол жаңағы заңда, жалпы саясатта белгіленген басты бағыттардың бірі. Сондықтан осындай тек қана қылмыстық жолмен емес, сонымен қатар балаларды тәрбиелеу, халықты тәрбиелеу, санасын өзгертуге байланысты осындай «Әлем ақшаға сатылмайды» деген суретшілер көрмесі.