Ұшақ апатынан зардап шеккендер үшін астаналықтар қан тапсырып жатыр

Әуе апатынан зардап шеккендер үшін астаналықтар да қан тапсырып жатыр.

Донор болуға барғандардың басым бөлігі ерікті жастар. Әдетте қан тапсыру уақыты түс ауа тоқтайтын орталық бүгін кешке дейін үзіліссіз жұмыс істеді. Өйткені әуе апатынан соң донор болуға ағылған елордалықтардың қарасы қалың. Түскі сағат 15:00-ден бастап кешкі 20:00-ге дейін 90-ға тарта азамат қан тапсырған.

Зере Әсетқызы, студент:

- Жасым 19-да. Ақтауда болған апатты естіп, өмірімде бірінші рет қан тапсырып тұрмын. Осы арқылы 1 адамға болсын пайдамды тигізсем мен үшін үлкен абырой болады деп білемін.

Айзат Әли, ерікті:

- Бүгін біз жаңалықтардан естіп, қала жастары болып қан тапсыруға келдік. Негізгі мақсатымыз апаттан зардап шеккен азаматтарға көмектесу. Кішкене болса да қол ұшын созу. Барлық қазақстандықтарды, қала тұрғындарын көмек қолын созуға шақырамын.

Қан тапсыру үшін төлқұжаттың болуы жеткілікті. Жасы 18-ден асқан және салмағыңыз 50 келіден төмен болмауы тиіс.

Айгерім Сағанбаева, Трансфузиология ғылыми өндірістік орталығы Донор кадрларын жинақтау бөлімінің меңгерушісі:

- Адам 48 сағат бұрын алкогольдік ішімдік, асперин ішсе 3 тәулік өтуі керек. Ангинамен ауырып жатса 2 апта өтуі керек. Созылмалы аурулар немесе жүрек қан тамырлары аурулары т.с.с  мүлде тапсыруға болмайды.

Әуе апатынан жарақат алған жолаушыларға жәрдем беру үшін сағат 14:00-де Астанадан Ақтауға 100 доза қан жөнелтіліп, 3,5 сағаттаң соң ауруханаға жеткізілген. Қан тапсыру орталығы ертең 8:30-дан бастап өз жұмысын бастайды.