Ел әскері ұшқышсыз ұшу аппаратымен толығып жатыр

Биыл елдегі армия құрамаларында және әскери бөлімдерде ұшқышсыз авиациялық жүйелер бөлімшелері құрылды.

Мемлекет басшысы Қарулы күштердің жоғарғы бас қолбасшысының тапсырмасымен Қазақстан армиясы заманауи ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жабдықталды.

Мамандар да халықаралық тәжірибені белсенді зерттеп жатыр. Мәселен екіжақты әскери ынтымақтастық шеңберінде Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов Түркиядағы Saha EXPO-2024 халықаралық көрмесіне барып, жергілікті компанияның бас директоры Халук Байрактармен келіссөз өткізді. Сөйтіп елде жедел деңгейдегі тактикалық ұшқышсыз авиациялық жүйелер мен барражды оқ-дәрілер өндірісін оқшаулау мәселесі бойынша Жол картасын әзірлеу туралы келісімге келді. Елде ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы құралдар да әзірленіп жатыр.

Мәулет Жүсіпов, ҚР ҚК БШ Ұшқышсыз авиация жүйелерін дамыту және қолдану департаментінің аға офицері:

- «ASELSAN» және «HAVELSAN» компанияларының кәсіпорындарында қазақстандық сарапшылар жер үсті басқару радарлары, биіктік өлшегіштер, дрондарға қарсы жүйелер, географиялық талдау жүйесі, әртүрлі симуляторлар мен кешенді жалпы әскери операцияларды имитациялық модельдеу құралдарымен танысты. Келіссөздер нәтижесінде Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен «BAYKAR» компаниясы арасында жұмыс кездесуінің хаттамасына қол қойылды, онда түрік тарапының Қазақстан Қарулы күштеріне «Bayraktar Kalkan», «Bayraktar Mini» ұшқышсыз авиациялық жүйелерін және «Mosquito X» операциялық барражды оқ-дәрілерді әскери сынақтар өткізу үшін тегін беруге ниеті көрсетілді.