Елордада Президент шыршасы өтті

Астанада дәстүрлі Президент шыршасы өтті. Оған аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, оқуда және спортта жетістігі бар 100-ге жуық бала қатысты.

Мерекелік шара ауқымды концерттік залда шымылдығын түрді. Алғы сөзді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев алып, балаларға Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ сыйлықтарды табыстады. Сыйға толы сөмкеде тәттілер мен оқуға қажетті құралдар бар.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев өздеріңізге арнайы жылдың басында үлкен бір қуанышты сәтті сый ретінде сіздерге тарту етті. Бір жыл бойы, өздеріңізге жақсы белгілі, 1-4-сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылып отыр. Биылдың өзінде 500-ден астам балаларымыз әлемдік олимпиадалардан жүлделі орындармен келіп жатыр. Бұл да мемлекеттің осы жас ұрпаққа жасап жатқан үлкен қолдауының ақталып жатқандығы.   

Осылайша, шырша шамы жағылып, арнайы дайындалған мерекелік бағдарлама басталды. Ал аниматорлар балалардың көңіл күйін көтеру мақсатында түрлі ойындар ойнатты. Бұған қоса шарада ерекше образымен көзге түскендер де бар.

Әли Құдияров, оқушы:

- Бұл өмір ағашы тамырынан тараған менің ұрпақтарым. Осы костюмді жасауға анам, мектептегі мұғалімдер және анамның әріптестері 3 күн жасадық. Мен ата-анама, мұғалімдеріме, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа алғысым шексіз.

Жасна Орақбай, оқушы:

- Мен кішкентай кезімнен бері жақсы көретін ертегі – Қар ханшайымы. Соның образын таңдаған болатынмын. Менің қазіргі көңіл күйім өте жоғары. Мен осы Президенттік шыршаға келгеніме өте қуаныштымын.

Президент шыршасына елдің түкпір-түкпірінен арнайы келген балаларға 2 күндік бағдарлама ұйымдастырылған. Енді олар Астананың көрікті жерлерімен танысып, жаңажылдық балалар спектакліне қатысады.

Авторлары: Альмира Оразбай, Арман Ақшабаев.