Шығыста гидроқұрылғыларды жөндеу кезінде бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалған
Шығыс Қазақстан облысында гидроқұрылғыларды жөндеу кезінде бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалған.
Бұл туралы өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері айтып отыр. Олардың сөзінше, әбден тозығы жеткен алқаптарды суғаруға қолданылмайтын бірнеше гидронысан қайта қалыпқа келтірілген. Яғни мемлекет қаражаты маңызды емес шаруаға бөлінген. Мамандар тиісті қаржыны тиімді жаратуға болар еді, дейді. Мәселен, Үйдене, Қарасу сынды бөгеттердің жөнделуін халық талай жылдан бері күтіп жүр.
Денис Шакенов, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы:
- Бес бірдей апатты гидроқұрылғыны жөндеу үшін жыл сайын қаражат бөлініп келген, алайда ол нысандар халыққа ешқандай қызмет көрсетпейді. Кейбірін тіпті жоқ деп санауға болады. Ендеше қаржыны тиімдірек жұмсауға болады. Себебі облыста қолданыста жалпы 130 гидронысан бар. Соның 40-тан астамы ғана орташа жағдайда.