Сенаторлар еңбек ресурстары жөнінде дөңгелек үстел өткізді
Еңбек адамдары – ел дамуының негізі. Сол себепті, жұмысшы мамандықтардың беделі жоғары деңгейде болуы керек. Сенат төрағасы Солтүстік Қазақстан облысына жасаған сапарында осылай деді.
Мәулен Әшімбаев аймақта еңбек ұжымдарымен, мәслихат депуттарымен кездесіп, «Қазақстан өңірлерінде еңбек ресурстарын дамыту: қазіргі жағдайы мен келешегі» тақырыбына арналған дөңгелек үстелге қатысты. Сенат төрағасы жиында облыстағы агроөнеркәсіптік әлеуетіне тоқталып, оны іске асыруға заңнамалық деңгейде қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Осыған байланысты индустриялық және инфрақұрылымдық жобалар сөз болды. Сондай-ақ кездесуде инфрақұрылымды жаңғырту, оның ішінде ауылдардағы электр желілерін жаңарту мәселесі аса маңызды екені айтылды. Кездесуге Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен өңірдегі дін өкілдері де қатысты. Парламент депутаттары олармен бірге рухани дипломатияны дамытуға қатысты маңызды мәселелерді талқылап, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII Съезі аясындағы мақсат-міндеттерді іске асыру жөнінде пікір алмасты.