Абай облысында 104 отбасы баспаналы болды

Абай облысында 20 мыңға жуық адам баспана кезегінде тұр, деп хабарлайды 24KZ. Осыған байланысты өңірде үй құрылысы қарқын алды. Мысалы, Ақсуат ауданында қос пәтерлі 52 үй халық игілігіне берілді. Бұл 100-ден астам отбасының баспана базынасын шешуге септігін тигізді.

Мақпал Қазытаева көпбалалы ана. Баспана кезегіне 5 жыл бұрын тұрған. Биыл төрт баласымен қоныстойын тойлады.

Мақпал Қазытаева, Ақсуат ауылының тұрғыны:

- Мен осыған дейін ата-енеммен тұрдым. 2021 жылдан бастап үйдің кезегінде тұрдым. Содан биыл үй берілетін болды, кезегіміз келіп, көпбалалы ретінде алдық. Өзіміз «обоилап», бір-ақ кірейікші дедік. Заттарды әкеліп жатырмыз. Үй былай ұнады, жақсы, жылы.

52 үйдің құрылысына бюджеттен 1 млрд-тан астам теңге бөлінді. Жаңа пәтерлер ипотекалық бағдарлама қатысушылары мен кезекте тұрғандарға үлестірілді.

Былтыр Ақсуатта 104 отбасы қоныстойын тойлады. Жаңа баспаналар кезек бойынша әлеуметтік осал топтағы азаматтар мен көпбалалы аналарға берілді. 2025 жылы тағы 10 отбасына үй беріледі деп жоспарланған.

Жалпы Ақсуатта 400-ден астам тұрғын адам баспана кезегінде тұрса, олардың көбі – жастар.

Ахмет Аққазин, Ақсуат ауданы әкімінің орынбасары:

- Осы уақытқа дейін аудан орталығынан салып келгенбіз. Былтырдан бастап кезегіне қарай қай ауылда қанша кезек бар соған байланысты. Мәселен, Қызылкесік ауылында былтыр 10 адам үй алды. Бер жағында Көкжыра ауылында алты отбасы. Мына жолымыздағы Екпін ауылынан 8 отбасы. Барлық қазіргі заман талабына сай үйлер. 84 шаршы метр дегеніміз – ол 3-4 бөлмелі үйлер.

Биыл облыс бойынша 150-ден астам жер үй салынады. Әр үйдің көлемі шамамен 85 шаршы метрден аспайды.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов.