Сырдарияның жағалауы тәулік бойы бақылауға алынды

Қызылорда облысында Сырдарияның жағалауы тәулік бойы бақылауға алынды, деп хабарлайды 24KZ. Қазір өзен арнасымен өтіп жатқан су көлемі секундына 645 текше метрге жетті. Оңтүстік аудандардың тұсында мұз толық қатып үлгерген жоқ. Ал солтүстік бөлігінде мұздың қалыңдығы 25 сантиметрден асты.

Мамандардың айтуынша, өңірде су басу қаупі бар 28 аумақ анықталған. Бұл елді мекендерде 70 мыңдай тұрғын бар. Ал былтыр Аманөткел, Ақсу, Шәменов, Талсуат сияқты елдімекендер тұсындағы бөгеттер нығайтылды. «Тасқынға қарсы шаралар аясында инертті материалдар мен техникалар және эвакуациялық бекеттер дайын», – дейді төтенше жағдайлар департаментіндегілер.

Бейбітхан Спанов, ТЖД басқарма бастығы:

- Ең қауіпті учаскеміз Жалағаш ауданындағы 13 қауіпті иін болып саналады. Сондай учаскелер әр ауданда көптеп кездеседі. Қызылорда облысы аумағынан мол судың өтуіне байланысты пысықтау жұмыстары жөніндегі іс-шара жоспары бекітілген. Сол жоспарға сәйкес жергілікті әкімдіктің, су шаруашылығы мекемелерімен бірлесіп, күнделікті кезекшілік жұмыстары жасалып, Сырдария өзенінің арнасын бақылау жұмыстары жүргізіліп жатыр.