Әскери музейде «Еуропада етікпен су кешкендер» көрмесі ашылды
Елордадағы әскери музейде «Еуропада етікпен су кешкендер» атты көрме ашылды, деп хабарлайды 24KZ. Тарихи орталықтың «ХХ ғасыр» залына қойылған материалдар Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан партизандарға арналған.
Көрмеге партизан жасақтары құрамында соғысқан қазақ жауынгерлерінің жеке заттары, құжаттары мен фотосуреттері қойылған. Жәдігерлер қатарында соғыс уақытындағы америкалық радио таратқыш, трофейлік далалық телефон және телеграф кілті бар. Сондай-ақ бірінші кеңестік партизандық полк құрамында Францияның оңтүстігін азат ету үшін шайқастарға қатысқан Әбибулла Қойшыбаевтың куәлігінің көшірмесі және «Defence de la France» газетінен үзінді сақталған. Қазақстандық партизандар француз жауынгерлерімен бірге Тулуза мен оңтүстік Францияның басқа да қалаларын азат етті. Олардың қатарында әйгілі генерал Шарль де Голль де болған.