Жамбыл облысында жылу беру маусымы басталғалы 111 рет өрт шықты
Мұның көбі жеке үйлерде болған жайт.
Осы оқиғалардың салдарынан жеті адам уланып, екеуі көз жұмды.
Ал былтыр осы кезеңде 750-ден аса нысанды қызыл жалын шарпыған екен. Өрт тілсіз жау болғандықтан оның бірде аз бірде көп болатыны заңды. Сондықтан сақтық керек.
Биылғы жылыту маусымында аймақта 100-ден аса үй отқа оранды. Өрттің пайда болуына ескі электр сымдарының қысқа тұйықталуы мен пешті дұрыс пайдаланбау себеп.
Дінмұхамед Құрманбек, ТЖД басқармасының бас маманы:
- Қаза болған екі адам бойынша Шу ауданының тұрғындары. Яғни бір отбасының адамдары. Пеш құбырының ақауынан жылыту маусымы басталар алдында жылыту пештерін тазаламағаннан, содан жылыту маусымы кезінде улы газ шығып екі адам қаза болды.
Қайғылы жағдайдың алдын алу мақсатында төтенше жағдайлар департаменті күнделікті рейд ұйымдастырады. Ақпараттық акцияға еріктілер мен газ саласының мамандары тұрғындарға өрт қауіпсіздігі, улы газдан сақтану жолдарын түсіндіреді.
Ербол Әміров, қалалық ТЖБ бастығы:
- Газ қондырғыларын электр қондырғыларын дұрыс падаланбау. Тамақты дайындаған кезде пеште ұмытып кетіп қалдырып кету солардан өрт шығуы да мүмкін. Егер шәйнектерін қоя қойса, су тасып жаңағы газ өшіп қалып, содан улану фактілері орын алуы мүмкін. Жылыту маусымы басталмай жатып пеш құбырларын тазалау қажет және де 3 ай өткен соң оны қосымша тағы тазалауды қажет етеді.
Мобильді топ өкілдері негізінен әлеуметтік аз қамылған отбасыларға басымдық береді. Осы күнге дейін 5500-нан аса үйге улы газ датчигін тегін орнатып, 500 баспананың мұржасын тазалап берген. Жақын арада тағы 1100 газ сезгіш қондырғысын орнатады. Датчиктер шығыны жергілікті билікпен өтеледі.
Ерғали Омбаев, қала тұрғыны:
- Енді күзде бәрін дайындаймыз ғой құбырдың бәрін тазалап анау шақыратындарды шақыртып. Соны өзіміз үшін істейміз ғой мұның бәрін. Мынау қойған қондырғыларыңа рақмет. Енді ойланбай жататын болдық. Жер үй болғаннан кейін өзің бала шағаңның қауіпсіздігі үшін оның бәрін тексересің ғой құбырлардың барлығын.
Жеке секторда тұратындардың көбісі жылу жүйесін ешкіммен ақылдаспай өздері орнатып алады. Сол себепті кейбір үйлерде қауіпсіздік талаптары мүлдем сақталмайды, дейді құтқарушылар. Бірінде пештер жатын орынға жақын орналасса, кейбір үйлерде мұржалар тазаланбайды немесе желдету жүйесі жоқ.
Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә