Жетісу облысындағы 47 ауылға су тасқыны қаупі төніп тұр
Жетісу облысында Қаратал және Қора өзендерінің жағалауы бекітіліп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Былтырдан бері жалғасып жатқан жұмыс осы айда аяқталып, арнаның су өткізу мүмкіндігі артады.
Жалпы «Аймақта көктемгі су тасқынына бейім 47 елді мекен анықталған. Соның 43-де тиісті шаралар жүргізіліп, қауіп сейілді. Қалған ауылдарда арық-атыздар тазаланып жатыр», – дейді Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері. Мамандар өңірдегі қарғын судың көтерілетін уақытын екі кезеңге бөліп, оның алдын алуға кіріскен.
Ринат Тазабеков, облыстық ТЖД басқарма бастығы:
- Облыс бойынша барлық елді мекендерде арық желілері, каналдарды тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар су тасқынына дайындық мақсатында «Көктем-2025» командалық штабтық оқу-жаттығу жиыны өткізіледі. Оқу-жаттығу шеңберінде су тасқынына аса бейім елді мекендерде су тасқынына қарсы практикалық іс-шаралар жүргізіледі, техникалар мен күштік құралдардың дайындығы тексеріледі.