Петропавлда иесіз ит пен мысық көбейді
Петропавлда иесіз ит пен мысық көбейген. Лық толы питомниктер қабылдамағаннан кейін қаңғыған үй жануарлары қала көшелері мен қараусыз ғимараттарды мекен етіп жүр, деп хабарлайды 24kz.
Мамандардың айтуынша, қазір облыс орталығында иесіз жүрген 500 үй жануары бар.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Мына сүйкімді хаскидің қалай иесіз қалғаны белгісіз. Құлағындағы сары сырға залалсыздандырылғанына дәлел. Бірақ қала кезіп жүрген иесіз иттің бәрі зиянсыз деуге болмас. Тұрғындардың айтуынша, олардың да арасында адамға шабатыны кездеседі.
Хайролла Рамазанов, қала тұрғыны:
- Ет алып келе жатыр едім. Бір ит шауып келіп, сөмкемді иіскей бастады. Кейін аяғымды тістеді. Қазір ол жақпен мүлде жүрмеймін. Өз үйімнің айналасында да иесіз ит көп. Бірақ олардың ондай әрекетін байқамадым.
Иесіз иттердің көбеюі қала тұрғындарын алаңдатып отыр. Ата-аналар ойын баласын сыртқа шығаруға қорқады. «Жауапкершілікті өзімізден бастау керек», - дейді олар. Сондай-ақ бұл мәселені айыппұл салу арқылы шешу керек деген пікір айтады.
Блиц 1:
- Олардың арасында адамға шабатындары да бар. Бірде қоқыс төгіп келе жатқанымда маған да жүгірген. Бұл біз үшін қауіпті.
Блиц 2:
- Әр шағынауданда мұндай иесіз ит көп. Қайда барсаң да, алдыңнан шығады. Жүруге қорқамыз. Кейде адамдарға шабады.
Ветеринариялық станция мамандарының айтуынша, қаладағы иесіз иттің саны 500-ге жуықтайды. Қазір облыс орталығында 2 питомник жұмыс істеп тұр. Былтыр көктемде біреуі иесіз жүрген 600-ден астам итті қабылдаған.
Екатерина Королёва, жеке питомник директоры:
- Иттерді залалсыздандырып, егу жұмыстарын күшейту керек. Сонда олар көбеймейді. Әрине, тұрғындар да жауапкершілік танытуы керек. Үй жануарларына бұлай қарасақ, мәселе шешілмейді. Бөлінетін қаржы көлемін де ұлғайту қажет. Былтыр 300 ит залалсыздандырылды. Өте аз. Бұл көрсеткіш жылына кемі 1000 болуы керек.
Қалалық ветеринариялық станциясының мамандары былтыр 300 қаңғыбас итті залалсыздандырған. Ол үшін бюджеттен 12 млн теңге бөліпті. Биыл да осы жұмыстар жалғасады. Бірақ қала тұрғындарынан қаңғыбас иттердің мінез-құлқына қатысты шағым көп.
Сырғабек Байжанов, қалалық ветеринариялық станцияның басшысы:
- 2023 жылы бірыңғай байланыс орталығы арқылы 760 хабарлама түсті. Ал былтыр 784 өтініш келген. Жыл сайын тұрғындардың шағымы көбейіп барады. Биылғы 1 айдың өзінде 63 хабарлама келген.
«Таңба» ақпараттық жүйесінде 13 мыңнан астам иесіз үй жануары тіркелген. Мамандар тұрғындардан бұл мәселеге жауапкершілікпен қарауды сұрайды. Өйткені оларды асыраудан бөлек, көшеде серуендетудің де өз ережесі бар.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Наталья Волкова, Төлеген Иманов