Маңғыстаудағы Кендірлі демалыс аймағына әуежай салынады
Маңғыстау облысындағы Кендірлі демалыс орнына әуежай салу үшін жер телімі бөлінді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауданы 600 гектарға жуықтайтын әуежайдың құрылысы биыл басталады. Әуежай демалыс аймағынан 13 шақырым қашықта орналасады. Мамандар Каспий жағалауындағы туристік инфрақұрылымды дамытуда жаңа нысанның маңызы зор екенін айтып отыр. Жобаның құны шамамен 34 млрд теңгеден асады. Құрылысты "Қазаэронавигация" мекемесі қаржыландырады. Жаңа әуежайдың Қарақия ауданының тұрғындары үшін де пайдасы зор. Қазір олар 160 шақырым жердегі Ақтау әуежайы арқылы саяхаттап жүр.
Адайбек Қалиев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
- Аэропорт салу жобасы бойынша ені 35 метр, ұзындығы 2200 метр ұшу-қону жолағы салынады жоспарланған. Әуе кемелерінің бұл түрлері Астана мен Алматы облысының туристік орындарына дейін әуе қатынасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Кейін бұл жолақты кеңейту жұмыстары жүргізіліп, сыйымдылығы үлкен ұшақтарды, яғни эйрбас, боинг ұшақтарын қабылдауға мүмкіндік болады.