Күн райы құбылған кезде жолшылардың жұмысы қыза түседі
Шығыс Қазақстанда жыл басынан бері респбуликалық маңызға ие жолдар 33 рет жабылды.
Алайда бұл күре жолдың бойында тірлік тоқтады дегенді білдірмейді. Керісінше күн райы бұзылған сайын жолшылардың жұмысы қыза түседі. Басты мақсаттары - қарды күреп, қауіпсіздікті күшейту. Тіпті олар діттеген жерлеріне жете алмаған жолаушыларға да қол ұшын созады. Мәселен, Өскемен-Алтай бағытындағы автогрейдер жүргізушісі Айдын Нұрбаевтың бір өзі бірнеше адамды құтқарып, талай елдің алғысын алған.
Өскемен мен Алтай арасын ең қиын жол жалғап жатыр. Тау-тасты жарып, қия беткейлермен өтетін бұралаң трасса ары қарай Үлкен Нарын, Қатонқарағай аудандарына да жеткізеді. Айдын Нұрбаев дәл осы бағытта автогрейдер жүргізеді. Әр күні қарбалас. Өйткені екі ортада көлік ағыны көп.
«Жолшы болу жаныма ең жақын мамандық»,- дейді Айдын. Басты ұстазы - әкесі де осы салада үздіксіз еңбек етіп, зейнетке шығыпты.
Айдын Нұрбаев, №30 жол пайдалану бөлігінің автогрейдер жүргізушісі
- Әкем енді пенсияға шықты,зейнеткер болды, бірақ енді сонда да жұмыс істеп жатыр, үйде отыра алмайтын шыдамсыз адам.Жолға үйреніп қалған.Ол негізі қазір енді басқа жолда жүр,Өскемен-қалбатауда мен сол осы жерде қалдым әкемнің жолын басып.
Әке жолын 25 жылдан бері абыроймен жалғастырып жүрген Айдын әріптестері арасында да сыйлы. Тәрбиесінен болар, орта жолда қалған адамға жанұшыра көмектесетін әдеті қанға сіңген. Мұны әрі-бері өткен жолаушылардың алғысынан байқауға болады.
Мұрат Кәрімбаев, Серебрянск қаласының тұрғыны:
- Өскеменге кетіп бара жатқан кезде көлігімнің бензин сорғысы істемей қалды. Мына жерде жол қиын, ұзақ тұруға болмайды. Дәл сол кезде Айдын әріптестерімен бірге келіп, көлікті мына ирелең жолдан өткізуге көмектесті. Қатты риза болдым. Әлі де алғысым шексіз.
«Бұл бағыттағы жолмен жүру де, оны тазалап ұстау да оңай емес», - дейді мамандар. Өйткені аяқасты алай-дүлей боран соқса, жаңа тазаланған күре жолды әп-сәтте қар басады.
Шыңғыс Зайытов, «Кажсервис» компаниясы ШҚО филиалының бас инженері:
- Ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты жыл басынан бері 33 рет шекету енгізілді.Соған қарамастан, демалыс күндеріне қарамастан қаншама техникалар қар құрсауынан шығарылды.
Демек, мыңдаған шақырым жол бойын жіті қадағаламаса болмайды. Сондықтан жұмысшылар ақ түтек боранға, дүлей дауылға, үскірік аязға қарамастан техникадан түспей қызмет көрсетеді.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов