Қостанайда әкімдік су басу қаупі жоғары 80 үйді сатып алмақ

Қостанай қаласының әкімдігі көктемде су басуы мүмкін, өзен жиегіне жақын 80 үйді сатып алмақ, деп хабарлайды 24KZ. Қазір тұрғындармен түсінік жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың арасында әкімдіктің талап-шарттарымен келіспейтіндер де бар.

Өзенге таяу Колесный ряд шағынауданын жыл сайын су басады. Былтырғы көктемгі тасқын салдарынан осы маңдағы 110 үй апатты жағдайда деп танылып, сүріліп тасталған болатын. Қалған үйлер жөндеуден өтті. Бірақ оларды биыл да су баспасына кепіл жоқ.  

Мамандардың болжамынша, алдағы көктемде бұл маңдағы 80 үйге су кіруі мүмкін. Қазір әкімдік тұрғындарды басқа жерге көшіру амалын жасап жатыр.

Марат Жүндібаев, қала әкімі:

- Су басу қаупі бар үй иелеріне біз пәтер не үй сатып алуына нарықтық бағамен өтемақы төлейміз. Бұл мақсатқа облыс бюджетінен шамамен 1,5 миллиард теңге қарастырылады. Жақында осы жұмысты бастап, жыл аяғына дейін төтенше жағдай аумағындағы барлық үйді сатып алуға тырысамыз.

Колесный ряд шағынауданы тұрғындарына үйлері мемлекет мұқтажына сатып алынатыны туралы ескерту қағаз таратылды. Тіпті баспананы бағалау да жүргізілген. Бірақ нақты құны қаншаға шыққаны беймәлім. Ал енді қала әкімі айтқан бір жарым миллиардты 80 үйге бөлсек, әрқайсысына шамамен 18-19 миллион теңгеден келеді. Бұл соманы мұндағы жұрттың кейбірі қанағат тұтпай отыр.

Олег Демиденко, қала тұрғыны:

- Нарықтағы бағаны біз де бақылап отырмыз. Менікіндей 1960 жылдары салынған үйге 40 миллион теңге сұрамайды. 5-6 сотық жерімен, жөнделген үй болса, тіпті 55 миллионға кетіп қалады. Сондықтан кемі сондай өтемақы төленуі керек.

Қалалық әкімдіктің жоспары бойынша бұл аумақта болашақта демалыс саябағы пайда болады.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров.