CNN Travel Алматыны үздік туристік бағыттың бірі деп таныды 

Әлем туристері биыл Алматыға ағылуы мүмкін.

Америкалық әйгілі CNN арнасының сайтында жыл сайын жарияланатын үздік туристік орындар қатарында Алматы тізімнің басында тұр. Әлемнің 200-ден аса елінде хабар таратып, оқырманын цифрлық платформаларымен жаулаған медиакомпания биыл оңтүстік астанамызға ерекше көңіл бөлген. Мақалада шаһар тау бөктеріндегі тұмса табиғатқа оранып жатқаны жазылған. Сондай-ақ, өнер мен мәдениеттің озық үлгілері, «нео номад» стиліндегі дастарқан, виза мен ұшып жетудің жеңілдігі басты артықшылық ретінде көрсетілген. Канадалық журналист беделді басылым жыл сайын осындай ең тартымды туристік бағыттарды анықтауда неге назар аударылатынын айтып берді. 

Карла Криппс, CNN Travel аға продюсері:

- Мұндай тізімді құрған кезде ең алдымен туристік бағыттың саяхатшыларға қолайлылығын зерттейміз. Мысалы, сол қаладағы әуежайдың жағдайы қандай, бәлкім жаңасы салынған шығар, немесе кеңейтіліп, жаңартылды ма? Бұл маңызды. Сосын ондағы инфрақұрылым қаншалықты дамыған әрі ыңғайлы екеніне мән береміз? Қалада фестиваль, танымал өнер адамдарының концерттері, көрмелер сияқты қандай қызықты іс-шаралар болады? Шаһар мен ондағы туристік орындарға қаншалықты тез жетуге болатынына? Виза мен қонақүй қаншалықты қолжетімді? Осының бәрін саралаймыз. Содан кейін CNN арнасының әр қаладағы өкілдерінің пікірлерін тыңдаймыз. Неге дәл сол қала таңдап алынғаны деректермен бекітіліп, редакцияда талқыланады. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі туризм тақырыбында жазатын 12 маман өз таңдауларын жасайды. Содан тізімді қысқартып, үздіктерін мақаламызда жариялаймыз. Биыл Алматы барлық талаптар бойынша 2025 жылдың басты туристік бағыттарының тізімінде болуға өте лайықты деп танылды. 

Карла Криппс сондай-ақ қашықтан жұмыс істеу кең таралып келе жатқанқандықтан шаһардың кез келген жерінен байланысқа шығу мүмкіндігіне де назар аударылатынын жеткізді. Әсіресе коворкинг орталықтары, жылдам интернет пен қуаттау орындары бар кофеханалардың көп болуы үлкен артықшылық дейді.