Семейде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп жатыр. LIVE

Семейде «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Оған 30-дан астам жұмыс беруші келді. Олардың қатарында облыстағы жетекші кәсіпорындар мен өндіріс орындарының өкілдері бар.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Жәрмеңке басталғалы тұрғындар жайлап келіп жатыр. Шара қалалық мәдениет сарайында өтуде. Жұмыс іздеп жүргендер осында келіп, түрлі кәсіпорындардың өкілдерімен кездесіп, қажетті ақпарат ала алады. Қазір мұндай жәрмеңке өңірге қарасты барлық қала мен ауданда бір уақытта өтіп жатыр. Бүгінде 151 жұмыс берушіден 400-ден астам бос жұмыс орны ұсынылған. Шараны облыстық Еңбек мобилділігі орталығы ұйымдастырды.

Былтыр Абай облысы бойынша 150-ге жуық осындай бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткен. Оған 10 мыңға жуық адам қатысқан. Нәтижесінде 407 адам тұрақты жұмысқа, 974 адам субсидияланатын жұмыс орындарына жолданған.

Айта кетейік, жәрмеңке кезінде ұлттық дәстүрімізді дәріптеп жүрген кәсіпкерлер көрме ұйымдастырып, қала тұрғындарының назарына ұсынды. Биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында 22 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарлануда.